Успен ауданында нөмірсіз жүрген мотоциклші жазаға тартылды
Оған қоса жүргізуші мас күйінде болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы» акциясын өткізу барысында Лозовое ауылдық округтің жолында «Урал» маркалы мотоцикл жүргізушісі полицейлердің күдігін туғызды.
– Әңгіме барысында жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шықты. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес жүргізуші орта дәрежедегі мас күйінде болды. Сонымен қатар ол мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрді, – деді Успен ауданы полиция бөлімінің бастығы Асқар Аралбаев.
Жүргізуші мас күйінде мотоцикл жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материал сотта қаралды. Сот шешімімен ер адам 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыра отырып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ, оған 18 460 теңге сомасында айыппұл салынды.