Успен ауданында шенеунік құжатқа асығыс қол қойғаны үшін жазаланбақ
Прокуратура тексеру жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Успен ауданының прокуроры Урус-Хан Мержоев облыстық әдеп жөніндегі кеңесте 2022 жылдың қазан айында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен «КазЕвроСтрой» ЖШС 450 миллион теңгеден астам сомаға Қаратай ауылына су құбырын тартуға келісім жасасқанын мәлім етті. Бұдан кейін жобаның құнын көтеру туралы қосымша келісім жасалған. Соңында жобаның құны 600 миллион теңгеге шықты.
– Мердігер келісімшартқа қол қойылғаннан кейін екі жыл бойы белгіленген мерзімде су құбырының құрылысын аяқтамаған, – деді Успен аудандық прокуратурасының өкілі Урус-Хан Мержоев. – Құрылысты аяқтау кезінде тапсырыс беруші келісімшарттың 23 актісіне жалпы сомасының 84 пайызына жұмыстың аяқталғаны туралы қол қойған және «КазЕвроСтрой» ЖШС төлем жасаған.
Сот-құрылыс және экономикалық сараптама бойынша жұмыстың нақты аяқталмағанын растады. Қадағалау органы 2024 жылдың маусым айында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментіне су құбырының құрылысындағы бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізген.
Прокуратура тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Асылбек Төлебаевты тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарауды ұсынған, бірақ іс тоқтатылып тастаған. Шенеунік әкімдіктің тағы бір – құрылыс, сәулет және қала құрылыс бөлімін тізгіндеген.
Қыркүйек айында аудан прокуратурасы Вознесенка ауылындағы сыртқы желілерді тартудың заңдылығын тексере келе, дәл осындай заң бұзушылықтар, атап айтқанда, жоба құнының қымбаттауы мен аяқталмаған құрылысты анықтады. Прокурор барлық құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне жіберілгенін айтты.
– Аудандық прокуратураның ұсынысында көрсетілген Қаратай және Вознесенка ауылдарына су құбырын тартуға қатысты заң бұзушылықтар жойылды, – деді Асылбек Төлебаев. – Құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталды. Қаратайда су құбыры 2022 жылдың 22 тамызында, ал Вознесенкада 2024 жылдың 12 қарашасында пайдалануға берілді.
Шенеунік заң бұзушылықтарға жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдайтынын айтып сендірді. Алайда әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Успен ауданының әкіміне Асылбек Төлебаевты қызметінен босатуды ұсынды.