Успен ауданында түйіршіктелген жем-шөп шығарылады
Түйіршіктелген жем-шөп өндірісі сынақтан сәтті өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«МТС Успен Агро» ӘКК төрағасы Бейбіт Жүсіпбаевтың айтуынша, жабдықтарды іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өндіру цехына қажетті жабдық сатып алынған. Түйіршіктелген жем-шөптің құрамына дәнді дақылдар, күнбағыс майы, су, ірі жем кіреді.
– Бастапқыда екі-үш тонна шығардық. Жергілікті тұрғындар арасында сұраныс бар. Бұл – аудан бойынша мұндай түйіршіктелген жем-шөп шығаратын алғашқы кәсіпорын. Цехты қыркүйек айында толық іске қосқаннан кейін үш-төрт адамды жұмыспен қамту ойда бар. Бұл қалдықсыз өндіріс деп айтуға болады. Үгіліп қалған жемді мал аузына ала алмайды, ал түйіршіктелген жем-шөпті жақсы жейді. Бұған қоса, өзімізде шикізат жеткілікті, – дейді Бейбіт Жүсіпбаев.
Шаруа қожалығы «Ажболат» несие серіктестігі» ЖШС-ден 20 млн теңге несие алған. Бұл соманың 10 млн теңгесі құрал-жабдық сатып алуға, ал 10 млн теңге қаржы қойма тұрғызуға жұмсалған.
Успен ауданында «МТС Успен Агро» ӘКК ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша қызметтер көрсету мақсатында 2017 жылы құрылған. Бидай, қарақұмық, күнбағыс өсірумен айналысады.
Айта кетейік, түйіршіктеу механикалық процестердің әсерінен құрғақ немесе дымқыл түрде жүреді және ұсақ бөлшектерді үлкен бөлшектерге біріктіреді. Әрбір түйіршікте бірдей мөлшерде пайдалы ингредиенттер болады. Түйіршіктелген жем-шөптің басты артықшылығы – жануарлар мен құстар қоректік заттардың қажетті мөлшерін алады, себебі әрбір түйіршіктің құрамы барлық қажетті қоректік ингредиенттерді қамтиды.