Успен ауылында дұрыс төгілмеген күл өртке ұласты
Жеке үйдің аумағында тұрмыстық қоқыстар мен шатырдың бір бөлігі өртенді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрттің шығуына рұқсат етілмеген жерде төгілген, толық салқындамаған пештің күлі себеп болған.
– Нәтижесінде өрт алдымен қоқысқа, кейін ғимаратқа тарады. Мамандардың жедел әрекетінің арқасында өрт тез арада сөндірілді, – делінген хабарламада.
Жыл басынан бері өңірде белгіленбеген орындарға салқындатылмаған күл төгу салдарынан 28 өрт оқиғасы тіркелген.
– Мұндай жағдайлар әсіресе суық мезгілде, тұрғындар пештер мен моншаларды жиі қыздырған кезде жиілейді. Бір қарағанда, күл зиянсыз болып көрінуі мүмкін, бірақ оның ішінде бірнеше сағат өткеннен кейін де температурасы төрт жүз градустан асатын қызған көмірлер қалады. Құрғақ шөпке, қоқысқа немесе ағаш конструкцияларға түскен бір ғана ұшқынның өзі жеткілікті, – деді департамент өкілдері.
Құтқарушылардың айтуынша, мұндай оқиғалардың алдын алу үшін күлді толық салқындағаннан кейін ғана ғимараттардан алыс жерде орналасқан, жанбайтын бетке қойылған қақпағы бар металл ыдысқа төгу қажет. Күлді шығарудың алдында оған су құйып, жану мүмкіндігін толық жою керек. Ыстық немесе жартылай ыстық күлді қоқыс жәшіктеріне, қоршау астына немесе үй маңына тастауға болмайды.