Успендік кәсіпкерлер ауданның дамуына үлес қосуда

Успендік кәсіпкерлер ауданның дамуына үлес қосуда
Фото: Константин Шелков

Биыл демеушілік арқасында ауданның бір ауылында орталық алаң пайда болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ауданда әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда бизнес өкілдерінің үлесі жылдан-жылға артып келеді. Кәсіпкерлер елді мекендерді абаттандыруға, инфрақұрылымды дамытуға және қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға белсенді түрде қаржылай қолдау көрсетіп отыр.

Биыл «Галицкое» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражаты есебінен Галицкое ауылында орталық алаң салды. Жобаның жалпы құны 150 миллион теңгені құрады. Жаңа қоғамдық кеңістікте субұрқақ орнатылып, кешкі уақытта жастардың демалуына арналған орындықтар қойылды. Сондай-ақ түрлі өңірлерден және аудан өнерпаздарының өнер көрсетуіне арналған сахна жабдықталды.

Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашевтің айтуынша, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі өңірдің тұрақты дамуына серпін берді.

– Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – аудан дамуының маңызды бағыты. Біздің басты міндетіміз – тұрғындарды сапалы әрі жайлы өмір сүру жағдайымен қамтамасыз ету. Осы орайда кәсіпкерлердің қолдауы арқылы бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Келер жылы бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылы да ірі шаруашылықтармен бірлесіп жалғасын табады, – деді әкім.

Сонымен қатар, Успен ауылындағы мектеп жанындағы аумақ асфальтталып, абаттандырылды. Аудан кәсіпкерлері Успен ауданының 90 жылдығына арналған мерекелік іс-шараларды өткізуге де демеушілік көрсетті.

Кәсіпкерлердің бастамасымен қатар, биыл аудандық бюджет есебінен де бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Ковалевская ОЖББМ» ғимаратына күрделі жөндеу өткізілді. Жоба аясында мекеме сумен қамтамасыз етіліп, кәріз жүйелері жаңартылып, мектеп аумағы абаттандырылады. Жөндеу жұмыстарының жалпы құны 69 миллион 27 мың теңгені құрады.

Бұдан бөлек, аудандық бюджет есебінен Ковалев және Равнополь ауылдарында воркаут алаңдары салынды. Ал Қаратай ауылында жаяу жүргіншілерге арналған тротуардың құрылысы аяқталды.