Жаңа рейстер: Павлодардан Шымкент пен Түркістанға әуе қатынасы орнатылуы мүмкін
Алдын ала жоспар бойынша Павлодардан оңтүстік аймақта орналасқан қалаларға ұшақтар 2026 жылдан бастап қатынайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Президентінің тапсырмасы аясында Павлодар қаласы әуежайының қолданыстағы ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жоспарлануда. Бұл жұмыстарға – 5,5 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 4,8 миллиард теңге, ал жергілікті бюджеттен 673 миллион теңге бөлінді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омар мәлім етті.
– Мердігер ұйыммен материалдар мен жарық сигналдық жабдықтарды жеткізуге шарттар жасалуда. Жыл соңына дейін перрон, периметрлік қоршау, жарықтандыру және бейнебақылау жүйелерін орнату бойынша жұмыстарды орындалады. Жұмыстар қыркүйекте басталады, – деді Нариман Омар.
Оның сөзінше, ұшу-қону жолағы реконструкциядан өткеннен кейін жаңа рейстерді енгізу бойынша ұсыныстар қарастырылады. Әзірге ұшақтар Павлодардан тек Алматыға ғана ұшады. «FlyArystan» авиакомпаниясы Алматыға аптасына 14 рейс кезеңділігімен ішкі авиарейстер орындайды. Алайда алдағы уақытта ұшақтар басқа да қалаларға ұшуы мүмкін.
– Ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз керек. Ұшу-қону жолағы жаңартылғаннан кейін Астанаға рейстерді жаңғыртамыз. Сондай-ақ, Шымкент, Қызылорда, Түркістан бойынша келіссөздер жүргіземіз. Біз жұмысты тоқтатпай, көлік министрлігімен бірлесіп, жаңа бағыттарға әуе қатынасын ашуды қарастырамыз, – деді Нариман Омар.
Павлодар облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұшу-қону жолағы реконструкцияға жабылған уақыт аралығында Алматыдан ұшақты қондыру үшін қосымша топырақ жолағын салуды көздейді.