Жас павлодарлық жеңіп алған сыйақысының бір бөлігін қайырымдылыққа бағыттады

Жас павлодарлық жеңіп алған сыйақысының бір бөлігін қайырымдылыққа бағыттады
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол 11-сыныпта оқиды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның 11-сынып оқушысы Ерасыл Нығметулла биылғы «Тәуелсіздік ұландары» марапатының иегері атанды. Оның айтуынша, бұл қуанышты жаңалықты ол ерекше тебіреніспен қабылдады.

– Бұл жаңалықты естіген сәтте ерекше қуанышты сезіндім. Себебі бұл марапат – еңбектің бағаланғанының айғағы. Сонымен қатар, өз елімнің тәуелсіз ұландары қатарында танылу – зор жауапкершілік екенін де терең сезіндім, – дейді ол.

Жас дарын байқау туралы алғаш рет бір жыл бұрын жергілікті ақпарат құралдарынан білген. Сол сәттен бастап ол мақсат қойып, қатысуға ниеттенген. Байқаудың негізгі талаптарының бірі – қатысушының соңғы үш жылдағы республикалық немесе облыстық байқауларда жеткен жетістіктерін, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар істерге қатысуын дәлелдейтін портфолио ұсыну. Ерасыл портфолиосын облыстық және республикалық іс-шаралармен толықтырып, жинаған.

Олардың ішінде ерекше мәнге ие жоба – «Жүректен – жүрекке» атты қайырымдылық концерті. Бұл іс-шараны ол екі жыл бұрын өңірдің мамандандырылған мектептерімен бірлесіп ұйымдастырған. Концерттің ерекшелігі – оның форматында. Ол көпшілік үйреніп қалған үлгіден өзгеше, жүрекке жақын әрі жылы форматта өтеді.

Кейіпкеріміз жеңіп алған сыйақының бір бөлігін де игі іске арнауды жөн көрген. Ол әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға азық-түлік сатып алып, жәрдемдесті.

– Мен үшін нағыз жетістік – өзіңе ғана емес, өзгеге де пайда әкелу. Сол себепті марапаттың бір бөлігін қайырымдылыққа арнау жүрек қалауы болды. Аз да болса біреуге пайдам тисе, мен үшін бұл – үлкен жеңіс, – деп бөлісті ол. 

Өз жетістіктерінің басты мотивация көзі ретінде Ерасыл ата-анасын атайды. Оның сөзінше, олар оның әр бастамасын қолдап, үнемі демеу болып отырады. Ал болашақта ол қоғамға қызмет ететін маман болуды армандайды.

– Мен мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын, халыққа пайдасы тиетін маман болғым келеді. Сол үшін болашағымды медицинамен байланыстырғым келеді. Бүгінгі күні ұлт саулығы – ақ халатты абзал жандардың еңбегі деп білемін, – деді мектеп оқушысы.

Айта кетейік, бұл марапат 2020 жылы облыс әкімдігінің бастамасымен тағайындалған еді. Биыл Республика күніне орай «Ақпараттық технологиялар колледжінің» базасында талантты және дарынды оқушыларға арналған «Тәуелсіздік ұланы» сыйақысын табыстау салтанатты рәсімі өтті. Конкурсқа 835 өтінім қабылданып, олардың ішінен 350 үміткер облыстық кезеңге өтті. Жеңімпаздар бес номинация бойынша анықталды: «Ғылыми-техникалық шығармашылық және оқу-зерттеу қызметі», «Кәсіби шеберлік», «Шығармашылық шеберлік», «Спорттық шеберлік», «Әлеуметтік маңызы бар және қоғамдық қызмет». Нәтижесінде 100 жеңімпаз анықталып, әрқайсысы 196 600 теңге мөлшерінде «Тәуелсіздік ұланы» сыйақысымен марапатталды.