Жоғарғы сотта Павлодарға оңтүстіктен көшіп келген хирургтың құқығы қорғалды

Жоғарғы сотта Павлодарға оңтүстіктен көшіп келген хирургтың құқығы қорғалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оған тиесілі квота уақытылы берілмей, өтініштері қабылданбады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

2024 жылдың қыркүйек айында оңтүстік өңірдің тұрғыны отбасымен Павлодарға көшіп келіп, қаладағы емдеу мекемелерінің біріне хирург болып жұмысқа орналасқан. 

Ол Мансап орталығына жеңілдік алу үшін жүгінген кезде оған қоныс аударушыларға арналған өңірлік квотаға қосу үшін қажетті құжаттар тізімі, оның ішінде Павлодарда тұрғылықты жері бойынша тіркелу ұсынылған. 

Квотаға қосу оған Әлеуметтік кодекс бойынша материалдық көмек алуға құқық береді. 2024 жылдың желтоқсан айында Мансап орталығының қызметкерлері квота бөлудің аяқталғанын айтып, арыз берушінің құжаттарын қабылдаудан бас тартқан.

2025 жылдың қаңтар, ақпан және наурыз айларында Павлодарда тіркелген қоныс аударушы Мансап орталығына қайтадан жүгінген, бірақ көші-қон веб-порталы арқылы электронды арыз форматына көшуіне байланысты тағы да бас тартылған. Арыз портал арқылы берілгенде, жүйе Павлодар облысында тіркелген жеке тұлғалардың өтініштерін қабылдамаған. 

Бірнеше рет бас тартқаннан кейін арызданушы сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

Сот Мансап орталығы қоныс аударушыларға төлемдерді реттейтін ереженің нормаларын дұрыс түсіндірмегенін, ал жергілікті жерде тіркеу туралы талаптың қажеті жоқтығын және заңға қайшы екенін анықтады. Іс жүзінде квотаға қоспас бұрын Павлодарда тіркеуге алу талап қоюшының өз құқығын пайдалану үшін кедергі болған.

Сот заңнамада және ережеде көзделмеген құжаттарды талап ету, сондай-ақ веб-портал арқылы арыз беру үшін тиісті техникалық мүмкіндіктің болмауы жеңілдіктерден бас тарту үшін заңды негіз бола алмайды деген қорытындыға келді.

Сот талап қоюшының тұрғындар тығыз орналасқан өңірден қоныс аударып, Павлодар облысында тұруды таңдағанын және сол жерде азаматтардың денсаулығын қорғауда әлеуметтік маңызы бар қызметті атқаратын ота жасаушы хирург болып жұмыс істейтінін ескерді.

Белгіленген мән-жайларды ескере отырып, Жоғарғы сот әкімшілік органға талап қоюшыны 2024 жылдың қазан айынан бастап адамдарды қоныстандырудың өңірлік квотасына енгізуді міндеттеді және оның сол күннен бастап материалдық көмек алуға құқығын мойындады.

Уәкілетті органға талап қоюшының құқығын бұзған лауазымды тұлғаларға қатысты шара қолдану туралы жеке ұйғарым шығарылды. Мансап орталығының директоры тәртіптік жазаға тартылды.

Соттың шешімі заңды күшіне енді.