Қалың қар: Баянауыл ауданында су басу қаупі жоғары ауылдардың ахуалы тексерілді

Қалың қар: Баянауыл ауданында су басу қаупі жоғары ауылдардың ахуалы тексерілді
Фото: pexels.com/eberhard grossgasteiger

Соңғы күндері ауданның шығыс және батыс жағында тоқтаусыз қар жауды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев су басу қаупі жоғары Сәтбаев, Құндыкөл, Ақсаң ауылдық округтеріне барып, жолдардың қазіргі ахуалымен танысты. 

– Көктемгі су басу қаупін сейілту – күн тәртібіндегі негізгі мәселе. Бұл бағытта жұмыстар қатаң бақылауда. Осы күндері тоқтаусыз қар жауып, ауданның шығыс және батыс өңіріне қалың қар түсті. Бүгін осы бағытта арнайы жолға шығып, жағдайды бақыладым. Жылқы тебіндігінің ахуалы жайлы жылқышылармен сөйлесіп, жайылым мәселесіне көңіл аудардым, – деп жазды аудан әкімі өзінің парақшасында. 

Ол ауылдық округ әкімдеріне су өткізгіш құбырларды қардан тазалап, су басу қаупі бар көшелерден қарды шығару жұмыстарын жедел атқаруды тапсырды.

– Сәтбаев ауылындағы Ақжар, Қаратоқа су бөгеттері төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен қатаң бақылауда. Су тасқынының алдын алу үшін 6 наурыздан бастап арнайы жабдықталған 8 адам кезекшілік етуде, – деді Ардақ Кісентаев.

Аудандағы су тасқынының алдын алу жұмыстарының барысы бақылауда.