Қазақстанның Халық әртісі Шахимардан Әбілов Павлодарда дауыс берді

Қазақстанның Халық әртісі Шахимардан Әбілов Павлодарда дауыс берді

Даңқты жерлесіміз референдум бойынша өз таңдауын жасау үшін туған жеріне арнайы келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарға арнайы маңызды күн үшін келген өнер иесі өз таңдауын жасады.

- Конституция, Ата Заң – біле білсек, біздің күретамырымыз, жүрегіміз, бүгініміз бен болашағымыздың бағдары, ұрпағымыздың әлемдік кеңістікте өзіндік орнын айқындауға негіз болатын, рухты асқақ етіп, құндылықтарымызды дәріптейтін маңызды құжат. Ата Заңымыздың жаңа жобасында ел дамуының барлық негіздері көрініс тапқаны қуантады. Сондықтан да мен жарқын болашағымыздың толыққанды бағдары бола алатын басты құжаттың жаңа жобасын қолдап, таңдауымды жасадым, - дейді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әйгілі опера әншісі, ұстаз Шахимардан Әбілов. 

Опера әншісі Торайғыров университетінде орналасқан учаскеде таңдауын жасаған. Ол аса маңызды саяси шарада ынтымақ пен бірлік танытуға, жаппай таңдау жасауға шақырды. 

- Әлбетте, бойда қажыр мен қайратымыз тұрғанда еліміз үшін, Конституциялық құндылықтарымыз үшін аянбай еңбек ете береміз. Ата Заңымыздың жаңа жобасында барлығы қамтылған. Ең бастысы, қоғам болып үйлесімді әрекет етіп, даму жолымызда табандылық пен жауапкершілікті, азаматтық міндетті тереңнен түсініп, мемлекеттігіміздің мәртебесін арттыру, елдің ауқатын өрістету үшін тер төгу керек. Мен осыны қолдаймын, - дейді ол. 

Халық әртісі қазақ елінің өзіндік ұстанымдары әрдайым адамзаттық игіліктермен негіздес болуға тиіс екенін айтады. Сондықтан да жаңа Ата Заң күллі әлемге өзін айқын танытатындай күшке ие деп түйіндеді ойын.