Ұлттық ойын – ортақ көпір: Павлодарда ерекше турнир өтті
Полицейлер мен оқушылар тоғызқұмалақтан бақ сынасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Наурыз мейрамы қарсаңында Павлодар қаласында ерекше кездесу өтті. Солтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері Ш.Шөкин атындағы мектеп-гимназиясының оқушыларымен ұлттық ойын — тоғызқұмалақтан ұйымдастырылған зияткерлік сайыста кездесті.
Математикалық дәлдік пен сабырлықты талап ететін көшпенділердің көне ойыны бейресми қарым-қатынас орнатуға тамаша мүмкіндік болды. Достық атмосферада тәртіп сақшылары мен оқушылар тактикалық шеберліктерін көрсетіп, тәжірибе алмасып, мерекелік көңіл күймен бөлісті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар «қатал полиция» туралы қалыптасқан стереотиптерді бұзып, қызметкерлердің өз халқының мәдениетін құрметтейтін, ашық жандар екенін көрсетеді.
— Осындай кездесулер — жай ғана ойын емес, бұл - полиция мен жас ұрпақ арасындағы сенімді нығайтудың маңызды қадамы. Ұлттық құндылықтар арқылы біз жастармен ортақ тіл табысамыз, олардың қызығушылықтары мен бастамаларын әрдайым қолдауға дайын екенімізді көрсетеміз, — дейді Павлодар облысы ПД өкілдері.
Турнир қорытындысында қатысушылар ата-баба дәстүрін сақтау — саналы азамат тәрбиелеудің негізі екенін жеткізді. Ортақ ойын оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, ұлы дала мұрасына деген құрмет сезімін арттырады.