Іші лас, порциясы аз: Павлодарда мектеп асханасы тексерілді

Іші лас, порциясы аз: Павлодарда мектеп асханасы тексерілді
Фото: @aliya.askarova.180

Бұзушылықтарды жоюға бір апта берілген болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

VIII шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаты Әлия Асқароваға №24 мектептің асханасын антисанитарияға тексеру туралы өтініш түскен. Ол ведомствоаралық сараптама тобы комиссиясының жұмысы шеңберінде қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралинмен бірге аталмыш мектепке барған.

– Біздің комиссия құжаттардың сәйкестігін, азық-түліктерді сақтау шарттары мен санитарлық нормаларды тексерді. Бұл тараптарда бұзушылықтар анықталды. Азық-түлікті сақтау шарттарын сақтау бойынша ұсыныстар берілді. Оқушыларға берілетін тамақтың порциясы аз болды. Асхананы жалға алушыға және мектеп басшылығына барлық бұзушылықтарды жою үшін бір апта мерзім берілді, – деп жазды депутат өзінің Instagram парақшасында.

Олқылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін депутат мектепті қайтадан тексеріп шықты. 

– Бүгінде барлық бұзушылықтар жойылды. Мектептегі және дәретханалардағы лас жерлерге қатысты және көп өтініштерге байланысты техникалық персоналдың штаты ұлғайтылды. Санитарлық өңдеу жүргізілді. Ведомствоаралық топтың мүшелері алдағы уақытта да бұл мектепке бірнеше рет тексеріспен шығады,– деді Әлия Асқарова.

Оның сөзінше, мектеп директорына қатысты тәртіптік жаза қолданылды.