Қазақстанда мың шақырымдық тазалық миссиясы басталды

Экологиялық патриотизмді насихаттайтын эстафета бірнеше аймақты қамти отырып, мың шақырымдық жолды қамтиды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының мәліметінше, бүгін Алматы облысының Тарғап ауылы тұсындағы кемпинг-алаңда ауқымды экологиялық бастама – «Taza Qazaqstan» road-эстафетасының салтанатты ашылуы өтті. Бір аптаға жалғасатын іс-шара барысында қатысушылар Алматы, Шымкент қалалары және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары арқылы мың шақырымнан астам жолды жүріп өтеді.
Жобаға «Жастар рухы» жастар қанатының мыңдаған белсендісі мен жергілікті тұрғындар атсалысып жатыр. Акцияның басты мақсаты – қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғат пен тарихи мұраға құрметпен қарау және азаматтардың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, эстафета аясында тек қоқыс жинау ғана емес, сонымен қатар депутаттардың халықпен кездесулері, жастарға арналған open-air іс-шаралары, қоғамдық қабылдаулар және таза ауада «Чемпиондық рух» жаттығулары өтеді.
Сондай-ақ, «Вандализмге жол жоқ!» жобасы шеңберінде «Тұлғалар тұғыры» мемориалдық кешені, «Ақыртас» сарай кешені, «Бірлік» монументі және ежелгі Сауран қалашығы сияқты тарихи нысандар тазартылып, абаттандырылады. Осылайша road-эстафета табиғатты қорғау, мәдени мұраны сақтау және экологиялық патриотизмді қалыптастыру міндеттерін тоғыстырады.
– Ауқымды экологиялық акцияға қош келдіңіздер! Бұл жерде басты мақсат – тек айналамызды тазалап қана қоймай, санамызды, ойымызды, жалпы мәдениетімізді таза ұстау. Таза қоршаған орта, табиғатқа қамқорлық және болашаққа жауапкершілікпен қарау – бұл әрқайсымыздың ортақ ісіміз. Бізде Алматы облысы – Қызылорда облысы бағытындағы 1 200 шақырымдық роуд-эстафетамыз басталды. Алдағы бір апта ішінде тұрғындар мен жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша түрлі байқаулар, акциялар мен шаралар ұйымдастырылады. Сондықтан Алматы, Жамбыл, Шымкент, Түркістан және Қызылорда облыстарының жастары, сіздерді күтетін боламыз. Таза Қазақстанды бірге құрайық, айналаңа махаббатпен қара! – деді ұйымдастырушылар.
Акцияға қатысушылар Тарғап ауылы маңында 15 қаптан астам қоқыс жинағанын айтып, «Өкінішке орай, кейбір адамдар қоқысты тастап кетеді, ал кейін жақсы адамдар оны тазалайды» деп нақты мысал келтірді.
Road-эстафета осы бес өңірдегі тұрғындарды табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікке шақыра отырып, жалғасады.