Қазының қымызы: дәстүр мен жаңашылдық тоғысы
Газсыз сусын халықаралық сапа сертификатына ие, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аққулы ауданының Қазы ауылындағы шаруа қожалығы өндіретін қымыз ел аумағынан тыс жерлерде де кеңінен танымал. Экологиялық таза өнім Берлиндегі «Жасыл апта» дүниежүзілік көрмесінде ұсынылды. «Қараөткел» республикалық жәрмеңкесінде бұл сусын ерекше дәмі үшін марапатталды. Ал Гонконгтағы HKTDC Food Expo атты 28-ші халықаралық азық-түлік көрмесінде құрғақ бие сүті жеті номинацияның ішінде ең үздік органикалық өнім деп танылды.
Шаруа қожалығының басшысы Сәтпек Мукиннің айтуынша, газсыз емдік сусын – елімізде сапа сертификаты бар жалғыз кәсіпорын.
– Марқұм әпкем Қорлан қымыз дайындаудың өз әдісін қолданатын. Кейін біз өз технологиямызды жасадық. Біздің өнім республикалық стандарт бойынша 72 сағат емес, 60 тәулікке дейін сақталады, – дейді Сәтпек Мукин.
Қазір шаруашылықта күн сайын шамамен 40 бие сауылады. Орта есеппен 60 литр сүт өңделеді. Биелер құлындаған соң жазда бұл көлем 300–400 литрге дейін жетеді.
Сәтпек Мукиннің айтуынша, қымыз дайындау процесі бие сауудан басталады. Содан кейін жаңа сауылған саумал салқындатылады. Кейін белгілі бір температурада жылытып, арнайы бөлмеде ашытуға қалдырылады.
– Қазақстанда бұл технология ресми түрде бекітілмеген – әркім қымызды өз әдісімен дайындайды. Мысалы, айран, балмұздақ немесе сүзбе өндірісінде нақты технологиялар мен мемлекеттік стандарт бар. Ал бұл ұлттық сусынға ортақ стандарт жоқ. Көптеген фермер «атадан қалған» тәсілді қолданады. Тіпті, күбіні қолмен үш немесе бес мың рет шайқау керек деген бейресми ереже бар. Бірақ әр шаруашылық өз білгенінше дайындайды, – дейді фермер.

Фермердің өнімді бөтелкеге құю желісі мен арнайы жабдығы бар. Сәтпек Мукин Ресейдің Ростов облысындағы жылқы фермасынан аппараттар әкеліп, құрал-жабдықтың схемалары мен өндіріс технологияларын мұқият зерттеді. Бүгінде мұнда баламасы жоқ бірегей сауу залы жұмыс істейді. Бұл залда бір мезетте сегіз бие сауылады.
– Біздің қымыз ресми зертханалық сынақтан өтіп, сапа стандартына ие болды. Шаруашылықта қолданылатын аппарат минутына 750 айналым жасайды, бұл сусынды жақсылап шайқауға жеткілікті. Бие сүтінің молекуласы шар тәрізді, оны газсыз сусын алу үшін бұзу қажет. Алғашқы сынақтар Алматыдағы стандарттау зертханасында жүргізілді. Стандарт 2008 жылы бекітілді, – дейді Сәтпек Мукин.
Сәтпек Мукин өндіріспен ғана емес, жылқы селекциясымен де айналысқан. Ол жоғары сүттілікке ие жаңа алтайлық бие тұқымын шығарды. Соның арқасында қымыз өндірісі жыл бойы үздіксіз жүріп жатыр.
Бүгінде ерекше қымыз Павлодар дүкендерінен бөлек, Семей, Петропавл және Астана қалаларында да сатылады.
Қазақтың қымызы Павлодар облысының мәдени брендіне айналды. Шипалы сусын ата-баба дәстүрі мен фермерлердің заманауи жетістіктерін біріктіреді.