Қырағылық танытпаған павлодарлықтардың банк шоттары бұғатталуы мүмкін

Қырағылық танытпаған павлодарлықтардың банк шоттары бұғатталуы мүмкін
Фото: Константин Шелков

Өзгерістер 2026 жылдың басынан күшіне енеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанда келер жылдан бастап камералдық бақылау жүйесі түбегейлі жаңармақ. Бұған дейінгі тәсіл салық бұзушылықтарын анықтауға бағытталса, енді есептіліктегі сәйкессіздіктерге де назар аударылады.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті камералды мониторинг басқармасының басшысы Ғалия Сембаеваның сөзінше, бұл өзгерістердің басты мақсаты – бизнеске артық қысым жасамай, салық төлеушілерге өз есептерін дербес түзетуге мүмкіндік беру.

–  Бұрын камералдық бақылау кезінде біз бірден бұзушылықтарды тіркеп, салық төлеушіні міндетті түрде қосымша есеп тапсыруға итермелейтінбіз. Енді басты назар – сәйкессіздіктерді анықтап, азаматтарға оларды өз еркімен түзетуге жол беру, – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Егер азамат немесе кәсіпкер көрсетілген сәйкессіздіктермен толық келіссе, ол қосымша есеп тапсырады. Егер келіспесе, түсіндірме жібереді. 

– Бұл жерде басты қағида – салық төлеушіні жазалау емес, оған таңдау беру. Сәйкессіздіктің бір бөлігі жойылса да, біз оны хабарламаны орындау деп қабылдаймыз, – деді Ғалия Сембаева.

Ең маңызды өзгерістердің бірі – бұрынғыдай тек «ақпарат үшін» жіберілетін хабарламалардың тоқтатылуы.

– Қазір біз кейде азаматтарға тек ескерту сипатындағы хабарламалар жолдаймыз. 2026 жылдан бастап мұндай тәжірибе болмайды. Әр хабарлама нақты әрекет жасауды талап етеді, – деді ол.

Ал хабарламаны орындамаған жағдайда жаңа, әлдеқайда қатаң шаралар қолданылады.

– Егер салық төлеуші белгіленген мерзімде жауап бермесе, ең алдымен шетелдік интернет-ресурстар мен платформаларға қол жеткізуі шектеледі. Одан бөлек, хабарлама мерзімі өткеннен кейінгі бір жұмыс күнінде банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылады. Дәл сол мерзімде электрондық шот-фактураларды жазу мүмкіндігі де бұғатталады, – деп атап өтті Ғалия Сембаева.

Айта кетейік, бұзушылықтар орындалған соң, келесі күні шоттағы бұғаттаулардың бәрі шешіледі.

Мамандардың айтуынша, өзгерістер салық төлеушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

– Камералдық бақылау – жазалау құралы емес екенің түсіну керек. Ол салық мәдениетін қалыптастырудың бір бөлігі. 2026 жылдан бастап әр азамат пен кәсіпкер өз есептілігін уақытында түзетіп, мемлекетпен ашық жұмыс істеуге мүмкіндік алады, – дейді ол.

Келер жылдан бастап енгізілетін өзгерістер салық төлеушілерді хабарламаларға бейжай қарамауға, уақытылы әрекет етуге міндеттейді. Себебі кез келген уақтылы жауап шоттардың бұғатталуынан, құжаттардың тоқтауынан және артық тексерулерден сақтап қалады.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың басынан бастап облыс бюджетіне 14 миллиардан астам қаржы түсті.