Қыста Баянауылда қайда демалуға болады?

Қыста Баянауылда қайда демалуға болады?
Фото: Валерий Бугаев

Тағы екі демалыс орны жыл бойы тынығушыларды қабылдамақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Биыл Баянауыл өңіріне 175 мыңға жуық турист келген. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға көп.

Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, биыл екі демалыс орны қысқы туризмге көшті.

«Берёзовая роща» 100 орындық демалыс орны жыл он екі ай жұмыс істейтін болды. Толыққанды тынығуға бар жағдайлар жасалған. «Сабындыкөл плаза» қонақүйі де қыста есігін айқара ашпақ. Тағы үш ірі демалыс орны турист қабылдап жатыр, дейді Ардақ Кісентаев.

Аудан басшысының айтуынша, жергілікті кәсіпкерлер қыста жұмыс істеуге дайын тұр. Бірақ, тынығушылар тек сенбі-жексенбі күндері келеді. Сұраныс төмен.

«Мырзашоқы» тау-шаңғы кешені туристерді қабылдауға даяр. Ақ ұлпа түссе, қар тоқтату жұмыстары басталады. Өткен қыста бұл жерге сегіз мыңға жуық адам келіп, шаңғы тепкен.

Ардақ Кісентаевтың айтуынша, биыл үш ірі жоба жүзеге асырылды. Сабындыкөл жағалауы мен жағажайын абаттандыру жұмыстары толық аяқталды. Баянауыл ауылында абаттандырылған байқау алаңы салынып, аудан орталығына кіреберіс автожол бойына өлкетану мұражайы бар визит-орталығының құрылысы жүргізілуде.

Орталық құрылысы екі жыл қатарынан жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта ғимараттың аумағын абаттандыру жұмыстары 60 пайызға аяқталды. Іргесі толық тұрғызылып, жылу жүйесі қосылды. Ішкі әрлеу жұмыстары басталды. Жобаны келесі жылы туристік маусымның ашылуы қарсаңында аяқтауды жоспарлап отырмыз, дейді Ардақ Кісентаев.

Жоба аясында визит-орталық ішінде мультимедиа залы, оқу зонасы, сонымен қатар, шағын кофехана іске қосылады деп күтілуде.

Тағы бір инвестициялық жоба іске асырылып, жыл сайынғы мәселені шешті. Нақтырақ айтқанда, Баянауыл ауылына кіреберісте заманауи жанар-жағармай құю бекеті ашылды. Нәтижесінде күзгі шөп жинау науқаны барысында жанар-жағармай тапшылығы жойылды.