Қыз ұзатудан - ауруханаға: Павлодарлық мейрамхана тамағынан стафилококк табылды

«Bellagio Banquet hall» мейрамханасында жоспардан тыс тексерудің қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, тексеру барысында тамақ өнімдерін, сыртқы орта объектілерінен шайындыларды, су құбыры суын зертханалық зерттеуге, персоналды тексеруге сынамалар алынған. Сыртқы орта объектілерінен шайындыларды микробиологиялық зерттеу нәтижесінде металл ас үй ыдыстарынан сальмонелла табылған. Сондай-ақ пісіруге арналған табақтан алтын түсті стафилококк, жабдықтар мен ыдыс-аяқтардың шайындыларында бактерия ішек тобының таяқшалары анықталды. Бұдан бөлек, шикізатта микробиологиялық зерттеу нәтижесінде дайын тамақ өнімдерінде, жоғары бактериялық себіндісінде бактерия ішек тобының таяқшалары, патогендік флора, соның ішінде сальмонелла, алтын түсті стафилококк, барлығы 10 сынамада сәйкессіздік анықталды.
– Мейрамхана қызметкерлерінің биологиялық материалының үлгілерінде дизентериялық топ бактериялары, сальмонелла, стафилококк табылған жоқ, – дейді департаментте.
Объектінің сәйкестігі туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы, жабдықтар мен жуу ванналарының үстінде сорғыш жүйесі, кесу мүкәммалын таңбалау болмаған, персонал медициналық тексеруден өтпеген, өндірістік бақылау ұйымдастырылмаған.
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен объектінің қызметіне тыйым салу туралы жедел ден қою шаралары қолданылды, медициналық тексерудің жоқтығы үшін мейрамхана қызметкерлерін жұмыстан уақытша шеттету туралы қаулы шығарылды.
Бүгінгі күні барлық науқастар емдеуді аяқтады. 27 адам стационарлық ем, 40 адам амбулаториялық ем алған. Зардап шеккен 67 адамның жартысынан көбінде сальмонелла энтериті зертханалық расталған.
Жоспардан тыс тексеру жөніндегі материалдар қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерінің бар-жоғын анықтау үшін құқық қорғау органдарына жіберіледі. Тексеру нәтижелерін құқық қорғау органдары сотқа дейінгі іс жүргізу аяқталғаннан кейін айқындайтын болады.
Еске сала кетейік, «Bellagio banquet hall» мейрамханасында салтанатты іс-шараларға қатысушылар арасында «Бактериялық ішек инфекциясы» жағдайларын тіркеу бойынша Ак.Шөкин көшесіндегі бақылау объектісінде, үй ошақтарында эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізілді. Барлығы 67 адам зардап шеккен, оның ішінде 2025 жылғы 7 маусымдағы іс - шаралар бойынша – 45, 2025 жылғы 8 маусымдағы іс-шара бойынша – 22.