ҚР Президентінің кеңесшісі Павлодарға жұмыс сапарымен келді

ҚР Президентінің кеңесшісі Павлодарға жұмыс сапарымен келді
Фото Захара Шишко

Мәлік Отарбаев Торайғыров университетінде өңіріміздің зиялы қауым өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі өңіріміздегі жұмыс сапары аясында Торайғыров университетінде профессорлық-оқытушылық құрамымен және жас ғалымдармен кездесті.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерілген басты мәселелер мен стратегиялық бағыттарға тоқталды.

–  Президентіміз атап өткендей, ел болашағы үш негізгі құндылыққа – әділдікке, ұрпақтар сабақтастығына және өрлеуге негізделуі тиіс. Әділ шешім қабылдай алатын азамат қана қоғамға нақты пайда әкеле алады, – деді Мәлік Отарбаев.

Кеңесші Мемлекет басшысының бағдарламалық баяндамасын мемлекеттік саясаттағы маңызды құжат ретінде бағалап, айтылған бастамалар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталғанын жеткізді.

Сондай-ақ, жиында жоғары білім беру жүйесін жетілдіру, жастарды қолдау және ғылымның дамуы төңірегінде нақты ұсыныстар мен өзекті мәселелер талқыланды.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Президент кеңесшісі сала мамандарының ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдап, ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.

Айта кетейік, Президент кеңесшісі С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап кітапханасында мәдениет, спорт, денсаулық сақтау саласының өкілдерімен кездесті.