«Ұлттық қор – балаларға»: павлодарлықтар жинақты көбіне баспанаға бағыттаған

«Ұлттық қор – балаларға»: павлодарлықтар жинақты көбіне баспанаға бағыттаған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде 189,6 мыңнан астам бала Ұлттық қордан қаржы алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бағдарламаға қатысушылардың қанша қаражат жинағаны, бұл ақшаны қалай пайдалануға болатыны және бала 18 жасқа толғанға дейін қаражатпен не болатыны туралы «БЖЗҚ» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржамал Дүйсембаева айтып берді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша бүкіл Қазақстанда бағдарламаға қатысушылардың саны жеті миллионға жуық балаға жетті. Нұржамал Дүйсембаеваның түсіндіруінше, бала 18 жасқа толғанға дейін оған жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігі есептеледі. Бұл қаражат БЖЗҚ-дағы арнайы шотта есепке алынады.

Бұл ретте ақша жай ғана шотта сақталмайды. Бала кәмелет жасына толғанға дейін қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында болып, инвестициялауды жалғастырады. Бұған дейін жинақталған сомаға да инвестициялық табыс есептеледі.

Өткен жылы бағдарламаға қатысушылардың әрқайсысына 130,71 АҚШ доллары көлемінде қаражат есептелді.

– Бағдарламаға ең басынан бастап қатысып келе жатқан баланың үш жылдағы жинақталған қаражаты инвестициялық табысты қоса есептегенде 370,56 долларды құрады. Жыл сайынғы есептелетін сома тұрақты емес және өзгеруі мүмкін. Ол Ұлттық қордың инвестициялық табысына байланысты, – деді спикер.

Соманы есептеу кезінде 18 жылдағы орташа инвестициялық табыс ескеріледі. Бұл қаржы нарығындағы күрт ауытқулардың әсерін азайтып, есептелетін қаражат көлемін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Мақсатты жинақтарды бала 18 жасқа толғаннан кейін алуға болады. Қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға жұмсауға рұқсат етіледі.

2024 жылдың басынан 2026 жылдың шілдесіне дейін 300 мыңнан астам өтініш түскен. Төлемдердің жалпы сомасы 62 миллион доллардан асты. Қатысушылардың басым бөлігі қаражатты тұрғын үй мәселесін шешуге бағыттаған, қалғандары білім алуға жұмсаған.

– Тұрғын үйге жұмсаудың ең танымал тәсілі – пәтер немесе үй алу үшін әрі қарай жинақтау мақсатында тұрғын үй жинақтарын толықтыру. Сондай-ақ қаражатты ипотека бойынша бастапқы жарнаға немесе тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады, – деді Нұржамал Дүйсембаева.

Жинақтарды білім алуға да пайдалануға болады. Көбінесе қаражат Қазақстандағы білім беру ұйымдарында оқу ақысын төлеуге жұмсалады. Сонымен қатар, бағдарлама шетелде білім алуға да ақы төлеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – оқу орнының ресми түрде танылған болуы және оқу шығындарын тиісті құжаттармен растау.

Бұл ретте, бағдарламаға қатысушы барлық жинағын бірден жұмсауға міндетті емес. Жинақтың бір бөлігін ғана пайдалануға болады, ал қалған ақша мақсатты жинақ шотында сақтала береді. Кейін шотта қаражат болған және бағдарлама талаптары сақталған жағдайда, оны бірнеше рет пайдалануға мүмкіндік бар.

Егер бағдарламаға қатысушы 18 жасқа дейін немесе 18 жасқа толғаннан кейін қайтыс болса, оның жинақтары жоғалып кетпейді. Қазақстан заңнамасына сәйкес, қаражат мұрагерлеріне берілуі мүмкін. Ақшаны алу үшін қаражат мақсатты жинақ шотына аударылғаннан кейін мұрагерлер БЖЗҚ-ға жүгініп, қажетті құжаттарды ұсынуы керек.

Мұрагер сондай-ақ уәкілетті операторда АҚШ долларымен банк шотын ашуы қажет. Алынған қаражатты ол кез келген мақсатқа пайдалана алады. Бұл жағдайда ақшаны міндетті түрде тұрғын үйге немесе білім алуға жұмсау талабы жоқ.

– Егер бағдарламаға қатысушы Қазақстан азаматтығынан шықса, ол мақсатты жинақтарды алу құқығынан айырылады. Егер бұл жағдай 18 жасқа толғанға дейін орын алса, оның мақсатты талаптары бағдарламаның басқа қатысушылары арасында бөлінеді, – деді директордың орынбасары.

Бағдарламаға қатысушы балалардың ата-аналары баласын қатысушылар базасынан таба алмайтын жағдайлар да кездеседі. Бұған мемлекеттік жеке тұлғалар базасындағы және баланың құжаттарындағы деректердің қате немесе сәйкес келмеуі себеп болуы мүмкін.

Мысалы, мәселе баланың тегі, аты немесе әкесінің аты, туған күні немесе ЖСН-індегі қателіктен, азаматтығы туралы ақпараттың болмауынан немесе балаға қатысты басқа да деректердің дұрыс көрсетілмеуінен туындауы мүмкін.

Ата-аналарға баланың туу туралы куәлігін немесе жеке куәлігін, ЖСН-ын, аты-жөнін, туған күнін және азаматтығын тексеру ұсынылады. Сондай-ақ баланың eGov.kz порталындағы жеке кабинетте дұрыс көрсетілгеніне көз жеткізу қажет.

Деректер түзетілгеннен кейін бала бағдарламаға қатысушылардың тізіміне енгізіледі. Бұл ретте өткізіліп алған есептеулер жойылып кетпейді – олар келесі жылы өткен кезеңдер үшін есептеледі.