3х3: Павлодарлық баскетболшы қыздар чемпионаттың үздіктері атанды

3х3: Павлодарлық баскетболшы қыздар чемпионаттың үздіктері атанды
Фото: Ertis баскетбол клубы

Олар чемпионатта өздерінің мергендіктерін көрсетіп, екі жарыста да қарсыластарына дес бермеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ertis баскетбол клубының мәліметінше, жергілікті командалар Семей қаласында өткен Абай облысының ашық чемпионатына қатысып, үздік ойын өрнегін көрсетті. Аталмыш чемпионатқа Павлодардан үш команда барды. Олардың біреуі –  қыздар командасы. 

– Ertis қыздар баскетбол құрамасы Women open жарысына 3х3 қатысып, қарсыластарын ойсырата жеңді. Екі жергілікті командадан басым түсіп, жарыстың үздік командасы атанды, – дейді клубта. 

Ерлер арасында өнер көрсеткен «Звезда» командасы финалдық ойында қарсыластарына жол беріп, жүлделі екінші орынға табан тіреді.  

Айта кету керек, баскетболшыларымыз үш ұпайлы доп лақтырудан да сынға түсті. Бұл жарыста қыздар шашасына шаң жұқтырмады. Аталмыш жарыста Шакира Валиева бірінші орын алса, Салтанат Ұмарғазы күміс жүлдені қанжығасына байлады.