Ақсудағы жаңа қазандық Қарағанды әдісімен «жағылуы» мүмкін

Ақсудағы жаңа қазандық Қарағанды әдісімен «жағылуы» мүмкін
Фото: Константин Шелков

Өңір басшылығы қаланы кеңейту мәселесін қарастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазіргі уақытта Ақсу ферроқорытпа зауытының ескі қазандығымен қалаға жылу беру жағдайына байланысты алдағы жылдары жылу энергиясының тапшылығы туындауы мүмкін. Осыған байланысты билік күлді шығару процесінде қиындықтары туындаған жаңа қазандықты іске қосу бойынша түрлі жолдарды қарастыруда.

Бұл мәселелер Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың Ақсу қаласына жұмыс сапары барысында жауапты мемлекеттік органдармен талқыланды.

Уәкілетті органдардың өкілдері Қарағанды облысы Саран қаласындағы қазандық жұмысымен танысты. Ұқсас жылу көзінде қоңыр Майкөбен көміріне жақын сипаттары бар Д маркалы көмір қолданылады. Оның күлділігі 10-20 пайыз аралығында. Тағы бір айырмашылық – Саранда құрғақ күл шығару әдісі пайдаланылады.

Павлодарлықтар қарағандылық әріптестерінің тәжірибесіне қызығушылық танытты. Қалай болғанда да, жаңа қазандықты алдағы жылдары іске қосу қажет. Егер Ақсуды әрі қарай кеңейту жоспарын ескерсек, бұл мәселенің өзектілігі арта түседі.

– Қазір ең маңыздысы – толықтай жылыту маусымына кіріп, барлық үйлерді жылумен қамту. Тек содан кейін ғана қала болашағын ойлау керек. Жаңа қазанды іске қосу тек екі кезеңде мүмкін: не жылыту маусымының басында, не соңында. Енді біз оны көктемгі жылыту маусымының аяқталуына дайындауымыз керек, ол сәуір айына сәйкес келеді. Егер қоңыр көмір қолданатын болсақ, жобалаушылармен қайта отырып есептеу жүргізуіміз қажет, – деді Асайын Байханов.

20 қыркүйекке дейін Ақсудағы барлық 265 көпқабатты тұрғын үй жылу жүйесіне қосылады. Қазіргі таңда 177 көпқабатты тұрғын үйге жылу берілді, сонымен қатар Ақсу шағынауданы мен Қалқамандағы төрт көпқабатты үй қосылды. Ауылдық қазандығында төрт қазан агрегатының екеуі ауыстырылды.

Еске салсақ, жаңа қазандық бірнеше жылдан бері іске қосылмай келеді. Оның құрылысы 2017 жылы басталған, 2019 жылы жұмыс істеуі тиіс болған, бірақ жобалау кезінде кеткен қателіктер іске қосуға кедергі келтірді.