Ақсуда жұмысшы мамандар сахна төрінде өнер көрсетті

Ақсуда жұмысшы мамандар сахна төрінде өнер көрсетті
Фото: Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұсынды

Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында ерекше форматта байқау өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында сахна төрінде бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, бірақ жүректері өнер мен музыкаға деген махаббатқа толы адамдар бас қосты. Олардың бірі – сахна әртісі, кәсіби маман болса, сыңары – өз ісінің майталманы, қарапайым еңбек адамы.

Сахна төріне тоғыз жұп шығып, жұмысшы мамандар өздерінің басқа қырларын көрсетті. Шығармашылық пен еңбектің, шабыт пен шеберліктің үйлесім тапқан сәті көрерменнің жүрегінен орын тапты.

Олардың өнеріне Жаяу Мұса жоғары көпсалалы колледжінің спорт және мәдениет бөлімшесінің меңгерушісі Қайыржан Бисембаев, жеке кәсіпкер, әнші, продюсер Самат Жүкенов,  Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мақпал Сүлейменова,  «ҚР Мәдениет саласының үздігі, Иса Байзақов атындағы филармониясының әншісі Серік Рысбек,  балалар шығармашылық үйі «Мерей» вокалдық ансамблінің жетекшісі Жанна Карсенова төрелік етті. 

Кеш соңында жеңімпаздар мен қатысушылар салтанатты түрде марапатталды. Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Ақсу ферроқорытпа зауытының кран машинисі Людмила Росликова және С. Дөнентаев мәдениет сарайының музыкалық жетекшісі, композитор Ерболат Бортыбай жеңіп алды. 

1-орынды мәдениет сарайының жеке орындаушысы Айдана Дүйсембаева және ЕЭК техникалык қызмет көрсету және жөндеу цехынын маманы Станислав Рябов, 2-орынды  ветеринарлық зертхананың мал дәрігері Мақпал Амиргалиева және мәдениет сарайының әншісі Әсет Омарғалиев, ал 3-орынды Ақсу ферроқорытпа зауытының жылу-күш цехының су тазарту аппаратшысы Әсем Смағұлова және мәдениет сарайының жеке орындаушысы Оралбек Бахатхан иеленді.