Ақтоғай ауданындағы ауыл мектебіне сол мектепті салған адамның атын беру ұсынылуда
Бұл жайлы облыс әкімінің аудан халқымен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әбжан ауылының тұрғыны Қайыргелді Ақылбек ауылдағы мектептің Ленин атында екенін айтты. Тұрғындар сол мектептің атауын өзгерту мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп келеді.
- Осы Әбжан ауылында мектепті кезінде батпақ кешіп, өз қолымен Осман Смағұлов салған. Ол репрессияға ұшыраған адам. Мектептің атын осы адамға беруді шешсе екен, - деді Қайыргелді Ақылбек.
Облыс әкімі Асайын Байханов республикалық ономастикалық комиссияның есімдерін беруге болатын адамдардың арнайы тізімі бар екенін атап өтті.
- Ол тізімде елімізге еңбегі сіңген адамдар бар. Сол тізім бойынша беруде қиындық жоқ, - деді облыс әкімі.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, республикалық ономастикалық комиссияның тізімінде Осман Смағұлов жоқ.
- Комиссияға тізімге енгізу туралы өтініш жасадық. Тізімге енсе қарсы емеспіз. Егер тізімге енбесе, мектепте Осман Смағұловтың мемориалдық тақтасын орнатсақ дейміз. Содан кейін мәселе шешіле жатар, - деді Самал Айтқазина.
Сондай-ақ егер мектепке Осман Смағұловтың аты берілмей жатса, басқа қандай ат беруге болатыны жайлы бірлесе талқылау жиыны өткізілмек.
Фото: Константин Шелков