Ақтоғайда ірі тауарлы сүт фермасы іргесін кеңейтпек
Төрт блоктан тұратын кешеннің құрылысы басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ақтоғай-Агро» ЖШС компаниясының қолдауымен салынып жатқан сүт кешенінің құрамына 500 мал басына арналған қора, заманауи сауу галереясы және барлық қажетті инфрақұрылым кіреді.
– Құрылыс жұмыстары биыл шілдеде басталды. Қаржыландыру толығымен кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жүргізілуде. Жалпы құны – үш миллиард теңге. Сонымен қатар, темірбетон жұмыстарын жергілікті кәсіпорындар атқарып, өңірге қосымша экономикалық серпін беріп отыр, – деді «Ақтоғай-Агро» серіктестігінің бас директоры Александр Терентьев.
Жаңа кешеннің толық іске қосылуы 2026 жылдың соңына жоспарланған. Барлық жабдықтар орнатылып, мал басы толық қамтамасыз етіледі.
– Бүгінгі таңда фермада бір мыңнан астам ірі қара мал бар. Жоба жүзеге асқан соң жалпы мал басы 1 900 басқа дейін ұлғаяды. Орташа тәуліктік сауым 26–28 литрді құрайды. Компания басшылығының айтуынша, басты мақсат – өнімділікті шамадан тыс арттыру емес, малдың саулығы мен сапалы төл алу, – деді Александр Терентьев.
Кәсіпкердің айтуынша, жобаның аясында 24 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзі болады.
Сонымен қатар, Ақтоғай ауданында майлы дақылдардың егіс көлемі ұлғайтылмақ. Аудан әкімі Қаршыға Арыновтың айтуынша, жалпы егіс алқабы 80 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда он мың гектарға артқан. Негізгі басымдық майлы дақылдарды өсіруге берілуде: 2024 жылы олардың көлемі 12 мың гектарды құраса, биыл – 25 мың гектар. Ал дәнді дақылдар егістігі 50 мыңнан 43 мың гектарға қысқарды, оның 33 мың гектары бидайға тиесілі.
Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі – гектарынан он центнер. Бүгінгі күні 21 мың гектар орылып үлгерген. Майлы дақылдар бойынша гектарынан 7,5 центнер өнім алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, көкөніс пен мал азығы дақылдарының көлемі де артуда. Картоптың өнімділігі гектарына 260 центнер, сәбіз – 230 центнер.
«Ақтоғай-Агро» ЖШС-нің бас директоры Александр Терентьевтің айтуынша, компания 3,2 миллиард теңге көлемінде қолдау алған, оның екі миллиарды «Павлодар» ӘКК арқылы үш ұйымның есебінен қаржыландырылған.
– Қазіргі уақытта шаруашылықта 200 қызметкер еңбек етуде, орташа жалақы – 400 мың теңге. Өндірісте 81 ірі техника бірлігі жұмыс істейді. 12 мың гектар егіс алқабының 3,5 мың гектары суармалы жерлер, – деді спикер.
Келесі жылы кәсіпорын майлы дақылдар егістігін төрт мың гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.