Ақтоғайлық кітапханашы: Газет-журналдарды жұмыртқаға ауыстырып алатын кездер болды
Дана Жармакина ауылдық кітапхананың жабылып қалмауы үшін 18 рет көшкен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылының бұрынғы кітапханашысы бүгінде 72 жасқа келген зейнеткер. Ол 40 жылдан астам ауылдық кітапханада жұмыс істеген, кітапхана және мәдениет саласының ардагері, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы.
Дана Жармакина Кітапханашылар күніне орай «Шаңырақ» орталығында өткен облыстық кітапханашылар форумының құрметті қонағы болды.
– Әр мамандықтың өз қиыншылығы мен қызығы бар. Қандай қиындық болса да соған бас имей, өз жұмысын жақсы істеген жандар бар ауыртпалыққа төтеп бере алады. Көп жыл адал еңбек еткендіктен, әлі де құрметке бөленіп жүрмін. Жас кезімізде қиын болды, тосқауылдарға қарамай қазақ әдебиетін дәріптейтінмін, тәуелсіздік алғаннан кейін бұл жұмысты жүргізуге көп кедергі болмады. Сондықтан мектеп жасындағы балаларға ақындардың өлеңдерін жатқа айтқызып үйрететін болдық, – дейді кітапханашы.
Зейнеткер жас кезіндегі жұмыс істеген шақтарын еске алғанда ауылдық кітапхананың жабылып қалуына жол бермей, барын салып жұмыс істегенін мақтан етеді.
– Тәуелсіздік алған жылдары төлемақы ала алмай, кітап сатып алатын ақша да табылмай қалатын. Кітапхананың оқырмандары мен жаңа кітаптарға сұраныс көп болды. Ауыл тұрғындары жаңалықты газет-журналдардан оқитын, поштаға жұмыртқа алып барып, газет-журналдар алатын едік. Сондай ауыр кездер болса да бізде он алты мың кітап қоры болды. Оқырмандар саны көп болған соң кітап жоғалып кетпесін деген оймен өзім үйлеріне жеткізіп беріп, алып кететінмін. Кейіннен кітапхананың тұрақты белгіленген құрылысы болмағандықтан, 18 рет көштім. Көшіп жүрсек те оқырмандарымызға кітапты жеткізіп беріп, кітапхананың ішін барынша таза әрі ұқыпты ұстайтынбыз, – дейді кітапханашы.
Оның айтуынша, әр жаңадан көшіп барған жерді отбасымен қоса ауылдастары бірге тазаласып, кітаптарын тасып көмектескен. Зейнеткер тек кітапханашы емес, мәдениет саласында да жұмыстар атқарған.
– Кітапхананы мектептің бір бөлмесіне орналастырдық, кейін ол жерден көшуге тура келді. Артынан ауыл әкімінен бос тұрған құрылысты сұрап алдым, алайда олар оның ішін жасап беретін қаражат жоқ екенін айтты. Сонда да көшіп барып, отбасыммен бірге ауыл тұрғындары көмектесіп, ішін дұрыстап, кітапхана қылып жабдықтадық, іші кең болған соң мәдени іс-шаралар ұйымдастырдық. Біздің ұйымдастыруымызбен қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланова және әйгілі күйші композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиев секілді әртістер келіп, өнер көрсетті, – деді ол.
Халықпен жұмыс істеу керек болғандықтан, қоғамдық жұмыстарға көп араласқан Дана Жармакина қазіргі кезде де белсенді қоғам қайраткері.