Асайын Байханов қан майданда от кешкен павлодарлықтар ерлігін еске алды
Ол 9 Мамырды ерекше күн деп атады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі өзінің Instagram желісіндегі парақшасында бұл күн – жүректі толқытпай қоймайтын ерекше күндердің бірі деп атады. Әр сәтінде тағдыр, ерлік, сынбайтын рух пен қайсарлықтың ізі бар, дейді Асайын Байханов.
- Павлодар өңірінің азаматтары бүкіл елмен бірге иық тірестіріп, Ұлы Отан соғысының ең ауыр сындарынан өтті. 22 мың жерлесіміз майдан даласында қаза тапты, жарақаттан көз жұмды немесе хабар-ошарсыз кетті. 10 мыңнан астам жауынгер ордендер мен медальдарға ие болды. 23 азаматқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, тағы 8-і Даңқ орденінің толық кавалері атанды, - дейді Асайын Байханов.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Өңір басшысы ортамызда жүрген санаулы ардагерлер – біздің ең асыл қазынамыз деп атады.
- Облысымызда небәрі бес майдангер ғана қалды… Олардың әрқайсысы – тірі тарих, тірі Жеңіс, халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталатын асыл есімдер. Біз сіздерге тағзым етеміз. Ерліктеріңіз үшін! Жеңіс үшін, - деп жазады облыс әкімі.
Сөз соңында Асайын Байханов әрбір облыс тұрғынына зор денсаулық, жан тыныштығы, бақ-береке, елге бейбітшілік тіледі.