Асайын Байханов: «Әйелдің алақаны – әлемнің жылуы»

Асайын Байханов: «Әйелдің алақаны – әлемнің жылуы»
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Облыс әкімі павлодарлық аруларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы аймақ басшысы өзінің Instagram парақшасында жазды. 

- Аяулы нәзік жандар, сіздерді шын жүректен көктемнің ең шуақты мерекесі – 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! «Әйелдің алақаны – әлемнің жылуы» деген халық даналығы бар. Расында да, әйел жүрегінен тараған мейірім мен жылу бүкіл дүниені нұрландырып тұрады. Сіздердің аялы алақандарыңыз бесікті тербетіп, ізгілік пен мейірімнің дәнін себеді. Нәзік жандарыңызбен қатар, қажыр-қайраттарыңыз бен парасаттарыңыз қоғамға әрдайым игілік әкеліп келеді. Сіздер бізді мейірімге баулып, жанымызға жылу сыйлап, қамқорлықтарыңызбен қанаттандырып, жаңа жетістіктерге жетелейсіздер.

Сіздер – отбасының берекесі, шаңырақтың шырағы, қоғамымыздың рухани тірегісіздер. Ана ретінде де, адал еңбек иесі, өз ісінің білгір маманы ретінде де елдің дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Сіздердің табандылықтарыңыз бен жауапкершіліктеріңіз өңіріміздің өркендеуіне қуатты серпін беруде, - деді Асайын Қуандықұлы.

Сонымен қатар, құттықтауында білім мен спортта  өңір намысын қорғап жүрген жас аруларды да назардан тыс қалдырмады. 

- Ерекше құрметіміз – жас қыздарымызға. Білімге құштар, алғыр, арманы асқақ қыздарымыз жаңа белестерді бағындырып, білім мен ғылымда, өнер мен спортта биік жетістіктерге жетіп жүр. Сіздердің бойларыңызда туған өлкеміздің жарқын келешегі мен үміті бар. Сіздерге деген құрметіміз бен ризашылығымыз шексіз, - деді ол.

Сөз соңында әр шаңырақтан шаттық кетпей, жүректер әрдайым қуанышқа, махаббатқа және сый-құрметке толы болуын тіледі.