Асайын Байханов ұстаздардың жанқиярлық еңбегі үшін алғыс білдірді

Ол білім саласының қызметкерлері мен ардагер педагогтерді кәсіби мерекемен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысында 360 мектепте 115 мыңнан астам оқушы білім алуда, ал оларды 13 мыңнан аса педагог білім мен тәрбиенің даңғыл жолына бастап келеді.
– Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Бұл – қасиетті міндет, өмірлік миссия, әрі зор жауапкершілік. Біз облысымыздың білім беру жүйесімен мақтан тұтамыз, – деп жазды облыс әкімі жеке парақшасында.
Өңірдегі мектептер ел бойынша алдыңғы қатарда, ал шәкірттердің жетістіктері аймақтың атын танытып жүр.
– Әрбір осындай жетістіктің артында - сіздердің қажырлы еңбектеріңіз жатыр. Бәріміз де өмірге ұстаздан тәлім алып аяқ басқан едік. Әркім өзінің алғашқы мұғалімін ұмытпайды. Мен де өз ұстаздарымды әрдайым жылы лебізбен еске аламын -олар маған үлкен өмірге алғашқы жолды көрсетті. Сол себепті де ұстаздықты ең ізгі, ең жауапты жандар ғана таңдайды деп нық сенемін. Сіздерге жанқиярлық еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Еңбектеріңіз әрдайым құрмет пен ризашылыққа бөленсін! – деп құттықтады Асайын Байханов.
Ол педагогтерге мықты денсаулық, отбасылық бақ-береке, сарқылмас шабыт тіледі.