«Астана – Павлодар» тас жолында 600-ге жуық жарық шамы ауыстырылады

Жұмыстар автомобиль жолдарын күтіп-ұстау аясында атқарылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Республикалық маңызы бар «Астана–Павлодар» автожолында энергия үнемдейтін жарықтандыруды қамтамасыз ету мақсатында, жол-көлік қауіпсіздігін сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және халық пен автокөлік жүргізушілеріне қолайлы жағдай жасау үшін Павлодар облыстық филиалы «ҚАЖсервис» ЖШС мен «NUR LIFE» ЖШС арасында 3 жыл мерзімге аутсорсинг шарты жасалды.
Аталған учаскенің ұзындығы – 215 шақырым. Бұл жерде 15 көлік айрығы, бір көпір өткелі және екі санитарлық-гигиеналық торап орналасқан. Аталған учаскелерде 17 толық жинақты трансформаторлық подстанция, 2865 жарықтандыру тірек пен шам орнатылды.
2025 жылға жоспар бойынша 580 шам ауыстырылып, 245 метр жоғары кернеулі сым, 35 жарықтандыру тірегі ауыстырылады, жеті трансформаторлық подстанция жөнделеді және басқа да жұмыстар атқарылады.
Қазіргі уақытта «NUR LIFE» ЖШС қызметкерлері көрсетілген учаскеде 350 шамды ауыстырды, 300 шамның жұмысқа қабілеттілігі қалпына келтірілді, 56 жарықтандыру тірегі түзеу жұмыстары жүргізілді, үш толық жинақты трансформаторлық подстанцияға тексеріс пен жөндеу жасалды. 150 метр зақымданған кабель ауыстырылды. Жұмыстар күнделікті атқарылуда, екі автогидроподъемник, бір бұрғысы бар автокран және сегіз электрмонтер жұмылдырылған. Ақылы учаскенің көлік айрықтарындағы жарықтандыру 90 пайыз деңгейінде жұмыс істеп тұр.