Ақсуда қоғамдық көлік паркі 10 жаңа автобуспен толығады

Ақсуда қоғамдық көлік паркі 10 жаңа автобуспен толығады
Фото: Константин Шелков

Биыл қала әкімдігі жаңа автобустар сатып алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс басшысы Асайын Байханов Ақсу қаласына барған жұмыс сапары кезінде қаладағы қоғамдық көліктерді жаңарту бағытындағы жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта қала меншігінде 19 автобус бар, оның тоғызы 2023 жылы жаңартылды.

– Биыл жалпы он автобус сатып аламыз. Қазір 56 орынға арналған «SAZ LE60» маркалы төрт автобус келді. Қазан айында жүз орындық «YUTONG» маркалы алты автобус келеді деп жоспарлап отырмыз, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Кашкиров.

Басқарма басшысының сөзінше, жаңадан келетін автобустар тек қана қала ішіндегі маршруттарға қолданылады. Ал қолданыстағы көліктерді модернизациялап, оларды қалааралық және ауыл арасындағы қатынастарда қолданады.

Шаһар басшысы, қоғамдық көліктің сыртқы түрі мен жайлылығы тұрғындар үшін маңызды екенін еске салды. 

– Мен ішкі қалалық маршруттарды алдыңғы құрамға ауыстырып, 100 пайызға жаңарту керек деген талап қойдым. Қазіргі қатынап жүрген автобустар жаман емес, оларды қалааралық және ауылдық бағыттарға тарту керек. Ескі автобустарды модернизациялап, сыртын бояп, ретке келтіру керек. Олар қаланың көркі ғой. Екіншіден, әр қаланың қолайлы жағдайын қамтамасыз ету үшін қоғамдық көліктің сапасы жоғары деңгейде болуы керек, – деді облыс әкімі. 

Сондай-ақ әкім ГРЭС шағын ауданынан түскен шағымдарды да ортаға салды. Тұрғындар Павлодар бағытындағы автобустардың бұл ауданға соқпайтынына наразылық білдірген.

– Бұл мәселені шешу керек. Адам ГРЭС-те тұрады. Павлодарға жету үшін олар Ақсуға бару керек, сосын ғана олар автобусқа мініп, межелеген жерге жете алады. Бұл өте ыңғайсыз. Бәлкім бұл мәселені шешу үшін жаңа көпір арқылы автобус жіберу мүмкіндігін қарастыру керек, – деді ол.

Асайын Байханов, қоғамдық көліктің сапасын арттыруды басым міндет ретінде атап өтті. Әкім жаңа автобустардың тұрақты қатынауын, маршруттардың тиімді құрылуын және жолаушылар сұранысына бейімделуін талап етті.

Еске сала кетейік, бұған дейін аймақ басшысы қоғамдық көлік интервалдары сақталмаған жағдайда, тасымалдаушымен келісімшарт бұзылатынын атап өткен еді.