Ақтоғай ауданындағы бұрынғы дәріхана ғимаратынан балабақша ашылмақ
Ауданда балабақшада орын аз болғандықтан, мектепке дейінгі мекеме ауадай қажет, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Ақтоғай ауылында 6 жасқа дейінгі 457 бала бар. Оның ішінде 278 бала балабақшаға барады. Орын тапшылығына байланысты 179 бала үйде отыр.
- Аудан бойынша 180 орындық бір ғана «Ақ бота» бөбекжайы бар. Ол екі корпус пен мектеп жанындағы бір шағын орталықтан тұрады. Үш ғимараттың барлығы балаға 100 пайыз толтырылған, - дейді аудандық әкімдіктегілер.
Ақтоғай ауданы әкімдігі тапшылық мәселесін шешу үшін Ақтоғай ауылында балабақша ашпақ. Олар бұрынғы екі қабатты дәріхананың ғимаратын сатып алды. Оның жалпы ауданы 389 шаршы метр. Нысанды 100 орындық заманауи балабақша ретінде қайта жабдықтауға ниетті. Осыған орай құрылыс бөліміне қайта қалпына келтіруге өтініш берілді.