Балалық шақтың үні Павлодардағы Назарбаев мектебінің дәліздерінде қайта жаңғырды

Балалық шақтың үні Павлодардағы Назарбаев мектебінің дәліздерінде қайта жаңғырды
Фото: Назарбаев Зияткерлік мектебінен

Шаһардағы жаратылыстану-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жаңа оқу жылын смартфонсыз бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрболат Рысбекұлы мәлімдеді. Оның айтуынша, шешім бір күнде қабылданған жоқ. Алдымен мектепішілік зерттеулер жүргізіліп, былтырғы оқу жылында тәжірибе ретінде «цифрлық детокс» күндері ұйымдастырылған. 2023 жылғы 15 ақпанда мектеп ішінде арнайы бұйрық шығып, сабақта телефонды тек оқу мақсатында, мұғалімнің рұқсатымен ғана қолдануға рұқсат етілген. Дәліздерде пайдалануға тыйым салынған.

– Жаз бойы барлық зерттеулер сараланып, 28 тамызда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының ішкі тәртіп ережелеріне өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес, биылдан бастап біздің мектепте смартфон қолдануға толық тыйым салынды. Негізгі мақсат – оқушылардың денсаулығын сақтау, зейінін білімге аудару және ортада бірдей тәртіп қалыптастыру, – деді ол.

Нұрболат Рысбекұлының айтуынша, бұл өзгеріс оқушылардың үзіліс уақытын тиімді өткізуіне оң әсер етті.

– Бұрын қоңырауда мектеп оқушылары смартфонмен ойнауға әуес болатын. Қазір дәліздерде балалардың дауысы, күлкісі естіледі. Оқушылар интеллектуалды ойындар ойнайды, домбыра тартады, шахмат, тоғызқұмалақ ойнайды, кітап оқиды. Пән мұғалімдері мен психологтар да қоңырауда балалармен бірге уақыт өткізеді. Бұл – бақытты балалық шақтың үні, – дейді ол.

Оның айтуынша, сабақ соңында бұрынғыдай балалардың асығыстығы байқалмайды, барлығы оқу процесіне толық зейін қояды. Мұғалімдер де үлгерімнің артқанын айтады.

Ата-аналар тарапынан да қолдау бар. Олар балаларының кітапханаға жиі барып, кітап оқи бастағанын айтады. Мектеп ережесіне сәйкес, оқушыларға интернетке қосылмайтын қарапайым телефон ұстауға рұқсат етіледі. Қажет жағдайда ата-ана мен оқушы куратор арқылы байланыса алады.

– Телефонсыз демалу маған ұнады. Бұрын үзілісте экранға қарап, көзім шаршайтын, ал қазір таза ауада серуендеп, жақсы тынығамын. Көңіл-күйім де жақсы жаққа өзгерді. Себебі шынайы араласу көбейді, жаңа достар таптым, – дейді 12-сынып оқушысы Малика Дюзеева.

Қазір мектепте таңғы жиында оқушылар телефондарын тапсырып, кешкі жиында мектептен шығарда ғана қайта алады. Мұғалімдер мен кураторлар дәліздерде кезекшілік атқарып, тәртіпті бақылайды.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары смартфонсыз мектеп тәжірибесі балалардың денсаулығы мен қарым-қатынасын жақсартып, оқу процесіне оң ықпалын тигізетініне сенімді.