Баянауыл ауданындағы Ескелді шатқалында жаңа мәжіліс залы ашылды

Оның іші қазіргі заман талабына сәйкес жабдықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев мемориалдық музейінде жаңа мәжіліс залының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шара аясында «Мәшһүр Жүсіп және ұрпақ тәрбиесі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, ойшылдың рухани мұрасы мен жастар тәрбиесіндегі орны жан-жақты талқыланды.
Жаңа конференц залдың тұсаукесеріне қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, тарихшылар, мәдениет саласының өкілдері және Мәшһүр Жүсіптің ұрпақтары қатысты.
– Мәшһүр Жүсіптің немере-шөберелері өз естеліктерімен бөлісіп, баба мұрасының бүгінгі ұрпаққа жол көрсетуші рөлін айрықша атап өтті, – деді Академик Қаныш Сәтбаев мемориалды музейінің басшысы Қайыргелді Абылғазин.
Шара барысында жас ұрпаққа ұлттық сана мен рухани құндылықтарды дарытудың маңызы, қазіргі заман тәрбиесінің мәселелері талқыланды.
– Жаңадан ашылған конференц зал – музей кешенінің бөлігі. Ол қазіргі заман талабына сай техникалық құралдармен жабдықталған: 40 адамға арналған орын, үлкен LED экран, әр қатысушыға жеке микрофон, ноутбуктар мен экрандарды қосуға арналған техникалық жүйелері бар, – деді Қайыргелді Абылғазин.
Бұл кеңістік болашақта ғылыми конференциялар, әдеби кештер, семинарлар, мәдени-танымдық кездесулер өткізуге арналмақ.
Бүгінгі таңда музей жанындағы қонақүймен бірге кешен толыққанды мәдени әрі туристік орталыққа айналып отыр. Жаз айларында Баянауылға келетін қонақтар үшін бұл орын ерекше тартымды болмақ.
– Жобаны жүзеге асыру облыс әкімінің бастамасымен қолға алынып, жеке кәсіпкердің демеушілігі арқасында шамамен 100 миллион теңгеге салынды, – деді Қайыргелді Абылғазин.
Музей директорының айтуынша, жаңа зал тек аудан тұрғындарының мәдени шараларына ғана емес, облыстық және республикалық деңгейдегі конференцияларға да пайдаланылатын болады.
– Залдың техникалық мүмкіндігі халықаралық деңгейдегі басқосуларды өткізуге толық сәйкес келеді. Бұл – Мәшһүр Жүсіптің рухани мұрасын кеңінен насихаттауға үлкен мүмкіндік, – деді Қайыргелді Абылғазин.
Шара соңында қатысушылар музей кешенінің жаңа мүмкіндігіне жоғары баға беріп, Мәшһүр Жүсіптің рухани мұрасының жас ұрпақ тәрбиесінде мәңгілік құндылық болып қала беретінін атап өтті.