Баянауыл ауданында барлық елді мекендер жүз пайыз таза ауызсуға қол жеткізді
Бұл мәселе биыл шешілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Баянауыл халқымен кездесу ұйымдастырды. Жүздесуде аймақ басшысы ауданда атқарылған жұмыстарды айтып, алдағы жылдарға жоспарламен бөлісті.
– Ауданымыздың экономикасы тұрақты өсім көрсетуде. Соңғы үш жылда аймаққа қомақты қаражат бөлінді. 30 миллиард теңгеден астам ақшаға 150 жоба іске асырылды. Биыл ауданға 17 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 1514 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл 22 мың халықтың тұрмысын жақсартуға, ауылдарды көркейтуге бағытталған нақты қадамдардың бірі, – деп атап өтті ол.
Ақырғы жылдары 280 шақырымнан астам республикалық, аудандық маңызы бар және ауылішілік жолдар асфальтталды. Ең маңыздысы Майқайың кентіндегі барлық көшелерге тас жол төселіп, 11 ауласы толығымен абаттандырылды. Үш жылда он бір ауылдың көшесіне жарық орнатылды. Биыл Сабындыкөлдің жағалауы жаңартылып, 100-ге жуық сәулет нысандары орнатылды. Сонымен қатар 23 ойын және спорт алаңдары балалардың игілігіне берілді.
– Биыл халықты таза ауызсумен қамту мәселесі толығымен шешілді деп айтуға болады. Яғни ауданымыздың барлық елді мекендері 100 пайыз таза ауызсуға қол жеткізді. Бұл шынымен де маңызды жетістік, – деп бөлісті аймақ басшысы.
Бұдан бөлек жеті ауылдық мәдени нысан жөнделді. Ал Ақши ауылында жаңа мәдени шаңырағы есігін ашты. Бұқаралық спортты дамыту үшін «Bayanaul arena» спорт кешені бой көтерді.
– Соңғы үш жылда 10 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бес білім ордасына жаңа автобус сатып алынды. Денсаулық сақтау саласын жақсарту мақсатында сегіз нысан күрделі жөндеуден өтті. Жаңадан 10 санитарлық автокөлік пайдалануға берілді, – деді Асайын Байханов.
Ауданның 38 ауылдық елді мекенінің 34-і интернет желісіне қосылған. Қалған төрт ауыл 2027 жылға дейін интернетпен толық қамтамасыз етіледі.