Баянауыл ауданында туристік маусым қашан ашылады?

Баянауыл ауданында туристік маусым қашан ашылады?
Фото: Константин Шелков

Өңірге биылғы жылы 267 мың турист келеді деп күтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында туристік маусым туралы айтылды. Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Азамат Имашевтың мәлімдеуінше, 2024 жылы өңірге 240 мыңнан астам қонақ пен турист, оның ішінде Баянауыл демалыс аймағына 160 мыңнан астам адам келді. Биылғы жылғы жоспар – 267 мың турист.

– Ішкі туристердің саны бойынша 2023 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда, 15 пайызға жыл сайынғы өсімі байқалады. 2025 жылғы жоспар – 244 мың адам. Аймаққа келетін туристердің негізгі ағыны Ресей Федерациясына шекаралас аймақтарынан, Қарағанды және Абай облыстарынан, Шығыс Қазақстан облысы, Астана қаласынан көлікпен және тж-маршруттармен келуінен байқалады, – дейді басқарма басшысы. 

Бүгінгі таңда өңірде біржолғы сыйымдылығы шамамен 9000 төсек-орын болатын 139 орналастыру орны бар. 

Жазғы кезеңде демалушылардың негізгі ағынын Баянауыл демалыс аймағы, Маралды көлі және облыс орталығы қабылдайды. Сондай-ақ, азаматтардың демалуына арналған негізгі орындар – Аққулы ауданында Тұзқала, Солнечный кентіндегі жағажай және Шарбақты ауданындағы Шалдай қарағай орманы болып табылады. Сондай-ақ, жыл сайын ҚР-ның басқа өңірлерінен көптеген қонақтар бару мақсатында келетін, Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы кесене, Ғабдул Уахит Хазірет кесенесі, Исабек Ишан Хазірет секілді қасиетті нысандар бар.

Облыста барлығы 47 жағажай бар, оның 20-сы жабдықталып, жеке кәсіпкерлерге бекітілген. 

– Облыстың 44 туристік маршруттары мен соқпақтарының ішінен «Сабындыкөл – Жасыбай демалыс аймағы» бір күндік бағыты ҚР негізгі туристік маршруттарының тізіліміне енгізілді, – деді Азамат Имашев. 

Бұл ретте, туристер көп жиналатын орындарда демалушылардың тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция кезекшілігі қамтамасыз етілген. Мысалы, Баянауыл ауданында жеті бірлік көлемінде туристік полиция бар. 

– Жазғы маусымның ашылуы Баянауыл ауданында 14 маусым күніне жоспарланған. Туристік бағыттар бойынша Павлодар-Баянауыл, Шалдай-Павлодар-Шалдай, Бесқарағай-Аққулы-Павлодар, Екібастұз-Павлодар-Екібастұз және басқа бағыттар бойынша автобус тасымалдары қатынайтын болады. Автотасымалдар бекітілген кестеге сәйкес тұрақты негізде жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының ақпараты бойынша 20 маусымнан 31 тамызға дейін өңір тұрғындарына ыңғайлы болу үшін маусымнан қыркүйекке дейін Алакөлге 11 қосымша теміржол маршруттары іске қосылады, оның ішінде «Павлодар-Достық» пойызына тіркеме вагондар қосылатын болады.