Баянауыл мектебінде смартфон пайдаланбайтын болды

Баянауыл мектебінде смартфон пайдаланбайтын болды
Фото: Баянауыл ауданының білім беру бөлімі ұсынды

З.Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебінде смартфон пайдаланбау туралы шешім шығарды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Білім ордасының басшысы Абылайхан Шомаковтың айтуынша, мектеп әкімшілігі ата-аналар мен оқушыларға осындай ой тастап, тараптар жағынан бірден қолдау тапқан. 

Мектептегі білім мен тәрбие беру процесінде телефонның оқушыға зияны, физикалық және әлеуметтік дамуына кері әсері туралы оқушыларға жете түсіндірілген. Енді жас өрендер үзіліс уақытында смартфонға үңіліп отырудың орнына асық ату, тоғызқұмалақ, шахмат сияқты ойындар ойнап, бір-бірімен араласады. 

Бұл бастама өз нәтижесін беріп жатыр. Осыған дейін оқушылардың үзілісте смартфонды көп пайдалануын жиі байқайтынмын. Қазіргі уақытта мектептің атмосферасы, оқушылар арасындағы қарым-қатынас жасау мәдениеті жаңа бір деңгейге көтерілгені көрініп тұр, – дейді Абылайхан Шомаков.

З.Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебі 1977 жылы ашылған.  2005 жылы АҚШ елінен келген оқытушылар мектепте «Ағылшын тілі» клубы бойынша волонтерлік жұмыс жүргізді. 2007 жылы мектепке жазушы, драматург, аудармашы Зейтін Ақышевтің есімі берілді. 2017 жылы робототехника кабинеті ашылып, үштілділік білім беру енгізілді, Зейтін Ақышев атындағы өлкетану мұражайы, 2021 жылы домбыра кабинеті ашылды. Баянауыл ауданы бойынша «Тірек мектебі» мәртебесі берілді.

 – Мектеп тарихында «Алтын белгі» иегерлерінің орны ерекше. Осы уақытқа дейін 24 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. 2007 жылғы түлек Ләззат Қошанова «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лос-Анджелес қаласында білім алды. 2008 жылғы түлек Назымбек Бактанов «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондонда оқып, қазіргі таңда еліне қызмет етуде. 2021 жылы мектептің 1989 жылғы түлегі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Махсат Алпысбес тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі атағын алды. 2022 жылы Франция елінде өткен бокстан бүкіләлемдік гимназиадада Дихан Шайкыбеков күміс жүлдегер атанды, – дейді Абылайхан Шомаков.

2024 жылы мектеп оқушылары Орталық Азиядағы робототехникадан ең ірі халықаралық «Central Asia FIRST CHAMPIONSHIP» жарысында робот ойынынан І орын иегері, әлеуметтік желі санатында  абсолютті чемпион атанды.