Баянауылдағы қаңғыбас иттер тұрғындарды алаңдатып отыр
Бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданының тұрғындары көшедегі қаңғыбас иттердің көптігіне шағымдануда. Олардың айтуынша, бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Тіпті бір тұрғынның қызы мектепке бара жатып бірнеше ірі иттің шабуылына ұшырай жаздаған. Осындай жағдайлар ауыл тұрғындары арасында алаңдаушылық тудырып отыр.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан заңнамасы бойынша қаңғыбас иттерді атуға тыйым салынған.
– Иттерді аулап алған соң, Павлодар қаласындағы арнайы орталыққа жеткізіледі. Онда оларға вакцина салынып, стерилизация жасалады, чип салынады. Содан кейін қайтадан өздеріне тиесілі ортаға жіберіледі, – деді әкім.
Облыс бюджеті есебінен Павлодарда қаңғыбас жануарларға арналған арнайы уақытша ұстау пункті құрылды. Онда иттер уақытша ұсталып, олардың көбейіп кетпеуі және адамдарға қауіп төндірмеуі қадағаланады.
Әкімнің айтуынша, қаңғыбас иттердің көп болуы тұрғындардың өз жауапкершілігінің төмендігінен туындаған. Итті дұрыс күтіп-баптамау немесе оны тастап кету проблеманы ушықтырады.
Қазіргі уақытта әкімдік қаңғыбас иттер мәселесін кезең-кезеңімен шешуге бағытталған жоспар әзірлеп отыр. Жануарларға күтім жасау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іс-шаралар жалғасады.
Сонымен қатар, кездесу барысында тұрғындар қар жауған кезде жолдардың уақытылы тазаланбау мәселесін де көтерді. Азаматтардың айтуынша, қыс басталғанда таңертең балаларын мектепке апару мүмкін болмай қалатын сәттер болады. Кейде қар үйдің қасынан екі метрге дейін жиналып, түнде шақырылған жедел жәрдем де келе алмай қалады.
Тұрғындар ауыл әкімдігіне бірнеше рет шағымданғанымен, мәселе толық шешілмеген. Кейде тек аудан әкімінің араласуымен ғана техника шығарылады. Қар тазалауға жауапты мердігерлердің жұмысы жиі кешігіп немесе жеткілікті деңгейде орындалмайды.
– Біз күнде таңғы 6:30-да балаларымызды мектепке апарамыз, бірақ қар тазаланбаған соң жол жүру қиын. Мердігерлер келісімшарт бойынша жұмыс істеуі тиіс, бірақ кейде техникалары жетіспейді немесе жұмыс күші жеткіліксіз, – деп шағымданды тұрғындар.
Аудан әкімдігі мен мердігерлер проблеманы шешуге бағытталған іс-шаралар жүргізіп жатыр. Мердігерлер мемлекеттік бюджет қаражаты бойынша әр көшеге жұмыс атқаруы тиіс, ал әкімдік бұл жұмысты бақылауда ұстайды. Қажет болған жағдайда тұрғындар сурет және хабарламалар арқылы шағым түсіріп, орынбасарлардан шара қолдануды талап ете алады.
– Егер мердігер жұмысын орындамаса, келісімшартты бұзып, жаңа мердігер таңдаймыз. Техника жеткілікті, жұмыс күші бар. Біз қар тазалау жұмыстарының сапасын күшейтеміз, –деді Асайын Байханов.
Аталған іс-шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.