Баянауылда құсбегілік бойынша ұлттық турнир өз мәресіне жетті

Баянауылда құсбегілік бойынша ұлттық турнир өз мәресіне жетті
Фото: Константин Музалевский

Спорттық шара атақты құсбегі Мәуия Әбікеевтің 125 жылдығына арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жарысқа еліміздің барлық өңірінен құсбегілер жиналды. Қатысушылар құсты шақырып қолға қондыру және аңға салу бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Мақсаты – қазақ халқының бай құсбегілік дәстүрін жаңғырту, ұлттық мұраға деген құрметті арттыру және болашақ ұрпаққа Мәуия Әбікеевтің есімін таныту.

Бүркіт жарысында бірінші орынды Жамбыл облысынан келген Берікболсын Бабажан иеленді. Екінші орын Ақмола облысының өкілі Бергенбай Тастанбекке бұйырды. Ал үшін орынды Қарағанды облысынан келген Жандаулет Қазбек пен алматылық Аяжан Даниярқызы бөлісті.

Қаршыға сайысында Жамбыл облысының тумасы Серікболсын Жалғасұлы көш бастады. Екінші орынға Алматы қаласының өкілі Айсұлу Бекниязова ие болды. Ал үшінші орынды Астана қаласынан келген Ерасыл Серікбекұлы мен алматылық Жандос Сұлтанғазы еншіледі.

Ителгі жарысында павлодарлық спортшы Ермек Иманзаип елдің үздік құсбегілері – ақмолалық Ерлан Кенжетаев пен қарағандылық Таңат Оспанкуловтан кейін үздік үштікке енді. Осылайша үшінші орынды алматылық Айгерім Тұрсынмен бөлісті.

Шара ҚР Спорт және туризм министрлігінің, «Құсбегілік» ұлттық қауымдастығының және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өтті. Турнирді облыстық мәслихат және өңірдің қала және аудан мәслихаттары бірлесіп ұйымдастырды.