Баянауылда құстың тілін таныған құсбегі туралы тың деректер айтылды
Шапық Шөкин атындағы №2 ЖОББМ базасында құсбегі, өлкетанушы Мәуия Әбікеевке арналған танымдық сағаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Құстың тілін таныған құсбегі» тақырыбында ұйымдастырылған іс-шараға республикалық «Құсбегілік» федерациясының вице президенті, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Құрметті спорт қайраткері, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы, ұлт қайраткері Бағдат Мүптекеқызы, Мәуия Әбікеевтің ұлы Босаға Мәуияұлы және Баянауыл ауданы жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналдық полиция тобының аға полиция учаскелік инспекторы, полиция подполковнигі Дәметкен Әбікеева қатысты.
– Кеш барысында Мәуия Әбікеевтің көзін көрген және де ол туралы мол мағлұматқа ие жандар қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан құсбегілік, саятшылық өнері туралы сұхбат өрбітті. Бағдат Мүптекеқызы жалпы қазақы болмыс, рух тақырыбында, құсбегілер жөнінде, Мәуия ата туралы құнды ақпараттармен бөлісті, – дейді шараны ұйымдастырушы, Шапық Шөкин атындағы №2 жалпы орта білім беру мектебінің ұстазы Айбат Ыдырысов.
БМҰТП Экскурсия жөніндегі нұсқаушы, мемлекеттік инспекторы, ҚР «Үздік өлкетанушысы», ҚР «Елім-ай» сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР «Туризм саласының үздігі», Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Алтынбек Құрманов Мәуия Әбікеевпен тығыз араласқаны туралы, ол кісімен өткен жақсы естеліктерімен бөлісті.
З.Ақышев атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Баянауыл аудандық филиалының төрағасы Мұсабек Сейсенбекұлы құсбегі ақсақал жайында аудандық «Баянтау» газетімен тың ақпараттар жариялағанын айтып, танымдық шараны құсбегіге арналған татымды арнау өлеңімен аяқтады.
Журналист, тіл жанашыры, «Aiqara.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Асыл Әбіш ақпарат саласында Мәуия ақсақал туралы дүниелерді жарыққа шығарғанын айтып, соңынан «Қонақ кәдеге» туған жер тақырыбында домбырамен ән орындады.
Сондай-ақ Мәуия Әбікеевтің кабинетінде 8-сынып оқушысы Арайлым Сейсенбек экскурсиялық көрме жүргізіп, 10-сынып оқушысы Мәуіт Нұрақмет өзінің арнауын орындап берді, 6-сынып оқушысы Жания Бағадат мен 10-сынып оқушысы Айғаным Рұстамбек поэмадан үзінді оқыды.
Соңында мектеп басшысы Шынар Ілдебайқызы қонақтарға алғысын айтып, сыйлығын табыс етті.