Баянауылда республикалық жыршы-термешілер байқауы: Бас жүлде кімге бұйырды?

Баянауылда республикалық жыршы-термешілер байқауы: Бас жүлде кімге бұйырды?
Фото: автор

Екі кезеңнен тұратын жыр додасы екі күн қатарынан өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Ескелді ауылында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына орай республикалық «Көне ғасыр күмбірі» атты жыршы-термешілер байқауы ұйымдастырылды. Шараға  Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Түркістан, Астана, Қызылорда облыстарының 10 өнерпазы қатысты. 

Байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды және ақшалай 200 мың теңгелік сертификатты Успен ауданынан Ербақ Құрметжан, Павлодар облысынан Бөкен Жігер, Қостанай облысынан келген Әбдірахман Алпысов жеңіп алды. 

Екінші орын мен 300 мың теңгелік сертификат Павлодар қаласынан келген Абылайхан Бектасов пен Астана қаласынан келген Күнсұлу Түрікпенге бұйырды. Бас жүлде – 700 мың теңгелік ақшалай сыйлықты Түркістан облысының намысын қорғаған Еділ Жораев иеленді. 

Сонымен қатар, республикалық айтыста үшінші орын мен 500 мың теңгелік сертификатты Рауан Қайдаров және Мәрес Байрон, екінші орын мен 700 мың теңгелік сыйақыны қызылордалық Нұрмат Мансұров еншіледі. Бірінші орын мен 1 миллион теңгелік ақшалай сыйлықты қарағандылық Дидар Қамиев алды. 

Бас жүлдеге екі айтыскер лайықты деген шешім қабылданды. Олар – Баянауылдың айтыскері Аспанбек Шұғатаев пен түркістандық Бекарыс Шойбек. 

Суырып салма ақындардың шайқасы екі күнге созылды. Ал айтыскерлердің әділ бағасын беріп, қазылық еткен – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай, белгілі ақындар Ғалым Жайлыбай, Жанарбек Әшімхан, Жұмкен Сейітов, Асығат Тұрғанбек.