Баянауылдық ұстаз сүйекке жан бітірді

Баянауылдық ұстаз сүйекке жан бітірді
Фото: Есенкелді Бакеевтің жеке архивінен

Педагогикалық еңбек өтілі 15 жылды құрайтын Есенкелді Бакеев бүгінде Баянауыл ауданы Кемеңгеров атындағы жалпы орта білім беру мектебінде көркем еңбек пәнінен сабақ береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Сонымен қатар ол «Балалар шығармашылық үйі» филиалы жанынан ашылған «Сырлы сүйек» үйірмесін жүргізеді. Үйірмеге 39 оқушы тұрақты түрде қатысып, сүйекті өңдеу өнерінің қыр-сырын меңгеріп келеді. Сабақ барысында білім алушылар қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдар жасауды үйренеді.

Есенкелді Бакеев – ұмыт бола бастаған ұлттық қолөнердің бір түрі – сүйек өңдеу өнерін жаңғыртып жүрген шебер ұстаз. Ол ата-бабадан келе жатқан табиғи материалмен жұмыс істеу дәстүрін қазіргі білім беру үдерісіне енгізіп, оқушыларға ұлттық өнердің терең тамырын танытып жүр.

Сүйек өңдеу – адамзат тарихындағы ең көне өнер түрлерінің бірі. Ертеде халқымыз тұрмыстық бұйымдар мен құрал-саймандарды сүйектен жасап, табиғаттың әр бөлшегін кәдеге жаратқан. Осы дәстүрді сабақтастырып жүрген ұстаз еңбек сабақтарында сүйекті өңдеудің барлық кезеңін – тазалаудан бастап, пішіндеу мен өрнектеуге дейін – балаларға тәжірибе арқылы көрсетеді.

«Сүйек – табиғи материал. Оны өңдеу арқылы бала табиғатты таниды, әр заттың қадірін түсінеді. Ең бастысы – шыдамдылық пен ұқыптылыққа үйренеді», – дейді Есенкелді Жұмагелдинұлы.

Сабақ барысында оқушылар бастың сүйегінен ожау, жақ сүйектен тұрмыстық құрал-жабдық үлгілерін жасап көреді. Ұстаз тарихи деректерге сүйене отырып, бұрынғы замандарда сүйектен пышақ, аңшылық құралдары мен тұрмыстық бұйымдар жасалғанын әңгімелейді. Бұл – балалар үшін тек қолөнер сабағы емес, ұлттық тарихпен танысудың бірегей мүмкіндігі.

«Біздің мақсат – дайын дүниені ғана көрсетіп қою емес, баланың қиялын ояту. Сүйектен не жасауға болады деп ойлану – оның шығармашылық қабілетін дамытады», – дейді ұстаз.

Сүйек өңдеу – ұзақ әрі күрделі процесс. Ол төзімділікті, табандылықты қажет етеді. Осы арқылы балалар еңбектің қадірін ұғып, бастаған ісін соңына дейін жеткізуге дағдыланады. Сонымен қатар, ұстаз заманауи тәсілдерді де енгізіп, дайын бұйымдарға гравировка жасауды үйретеді. Ұлттық ою-өрнек пен қазіргі технологияның үйлесуі – сабақтардың мазмұнын одан әрі байыта түседі.

«Көне өнерді бүгінгі заман тілімен сөйлете білу маңызды. Балаларға гравировка сияқты заманауи тәсілдерді көрсету арқылы олардың қызығушылығын арттырамын», – дейді ол.

Ұстаз үшін бұл жұмыс – жай ғана сабақ беру емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани мұраны жеткізу миссиясы.

«Егер біз ұлттық өнерді балаларға үйретпесек, ертең ол ұмыт қалады. Ал мен үшін әр оқушы – сол өнерді жалғастыратын болашақ иесі», – дейді Есенкелді Жұмагелдинұлы.

Осындай жанашыр ұстаздардың еңбегі арқылы көне қолөнер қайта жаңғырып, бүгінгі жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылық ретінде сіңіп келеді. Бұл – өткен мен бүгінді жалғаған тағылымды көпір, рухани сабақтастықтың жарқын үлгісі.