Биыл Павлодарда инклюзияны қолдауға бағытталған бес кабинет ашылмақ

Биыл Павлодарда инклюзияны қолдауға бағытталған бес кабинет ашылмақ
Фото: Валерий Бугаев

Бұл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында іске аспақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімдігінде Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша әзірленген 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру мәселелері қаралды. Бағдарламада балалардың қауіпсіздігі, білімі, денсаулығы, отбасы мен әлеуметтік қорғаудағы құқықтары қамтылады. 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 2024 жылдан бастап өңірде «Өңірлік психологиялық қолдау орталығы», «111» байланыс орталығы және 2808 сенім телефоны жұмыс істейді. Олардың қызметі буллинг, зорлық-зомбылық және өзге де дағдарыстық жағдайларды уақтылы анықтауға және алдын алуға бағытталған. «111» желісі арқылы 60 өтініш қаралса, 2808 сенім телефонына 141 өтініш келіп түскен. Әрбір өтініш салалық мамандарды тарта отырып қарастырылып, жедел әрекет етуге және балалар мен олардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 

- Оқу жылының басынан облыстың барлық мектептерінде оқушылардың өзін-өзі қорғау, құқықтық сауаттылық және жауапты мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған қауіпсіздік сабақтары енгізілді. 2025 жылдан бастап өз-өзіне қол жұмсау тәуекелдерін, буллинг пен зорлық-зомбылықты анықтауға арналған HR+ автоматтандырылған жүйесі енгізілуде. Жоба өңірдегі 143 мектептегі 92,5 мың оқушыны қамтыды. Жүйені қолдану нәтижесінде педагог-психологтарға түсетін жүктеме айтарлықтай азайып, балалармен жеке жұмыс көлемін арттыруға мүмкіндік берді, - делінген хабарламада.

Білім беру ортасын белсенді цифрландыру жағдайында бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект элементтері енгізілуде. №48 жалпы орта білім беру мектебінде жүзеге асырылып жатқан «AI mektep» пилоттық жобасы оқушыларға жасалатын буллинг, әлімжеттік және өзге де қауіп-қатер белгілерін ерте анықтауға бағытталған. 

2025 жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларға арналған сегіз білім беру ұйымы 142,4 миллион теңге сомасына автокөлікпен қамтамасыз етілді. Бұл тәрбиеленушілердің әлеуметтік бейімделу мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың білім беру, мәдени және спорттық іс-шараларға қатысуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ тасымалдау қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді. 

Биыл 125 миллион теңгеге инклюзияны қолдауға бағытталған бес кабинет ашу жоспарлануда. Бұл ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қамту деңгейін ұлғайтып, барынша қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Тұжырымдамада баланың негізгі құқықтарының бірі - отбасы институтын нығайтуға ерекше назар аударылған. 

- Бала асырап алуға үміткерлер мен қамқоршылар міндетті түрде психологиялық тексерістен өтеді және одан кейін мамандардың сүйемелдеуінде болады. Бұл балаларды интернаттық мекемелерге қайтару жағдайларын азайтуға, ата-ана жауапкершілігін арттыруға және тұрақты отбасылық қатынастарды қалыптастыруға бағытталған, - делінгені баспасөз хабарламада.

Талқылауды қорытындылай келе, облыс әкімі Асайын Байханов тұжырымдаманы іске асыру формалды түрде емес, мазмұнды сипатта болуы тиіс екенін атап өтті.

- Біз үшін бағдарламаны жүзеге асыру ғана емес, балаларымыздың өмірін шын мәнінде жақсарту маңызды. Олардың денсаулығын нығайту, сапалы біліммен және толыққанды әрі қауіпсіз балалық шақпен қамтамасыз ету басты міндет. Бұл - біздің сөзсіз басымдығымыз және әрбір бала алдындағы жеке жауапкершілігіміз, - деді өңір басшысы. 

Жиналыс барысында әрбір бағыт бойынша нақты жауапты қызметкерлерді бекіту қажеттігіне назар аударылды. Білім басқармасына тұжырымдама іс-шараларын сапалы әрі уақытылы орындауды, сондай-ақ ведомствоаралық тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды. Денсаулық сақтау басқармасына ана мен бала денсаулығын қорғау шараларын күшейту жүктелді. Полиция департаментіне мүдделі органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жандандыру және жасөспірімдер қылмысын азайту бойынша қосымша шаралар қабылдау тапсырылды. 

Сонымен қатар психолог, дефектолог, логопед сияқты мамандар тапшылығы, асырап алушы отбасы институтын дамыту және әлеуметтік жағдайы осал отбасылармен профилактикалық органдардың өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру мәселелері жеке қаралды.