ДКО: Асық атудан Қазақстан құрамасы Монғолияны жеңді
Енді ұлттық құрама Өзбекстан, Испания, Грузия және Мажарстанға қарсы кездесулер өткізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ұлттық спорт және ат спорты түрлері орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан ерлер ұлттық құрамасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аясында асық атудан Монғолия ұлттық құрамасын 3:0 есебімен жеңіп шықты.
– Қазақстан ерлер құрамасы А тобындағы алғашқы ойынын Монғолия құрамасына қарсы өткізіп, қарсыластарына ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Осылайша, отандық спортшылар 5 кездесудің алғашқысын жеңіспен бастады. Енді Қазақстан құрамасы Өзбекстан, Испания, Грузия және Мажарстанға қарсы кездесулер өткізеді, – деді Дирекцияда.
Сонымен қатар, Қазақстан әйелдер құрамасы да А тобындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Олар Мажарстаннан келген қарсыластарын 3:0 есебімен жеңіп, өз тобында Қырғызстан, Швеция және Румыния әйелдер құрамаларына қарсы ойнайтын болады.
Дүбірлі додада асық атудан еліміздің намысын 8 спортшы қорғап жатыр: Нұрғиса Молжігітов, Жомарт Нұрланов, Керім Жаздықбай, Амандос Айткұлов, Перизат Елемес, Камила Даниярова, Сания Әскер және Көгершін Думан.
Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында асық атудан сайыстар «Алау» мұз айдыны кешенінде өтіп жатыр. Финалдық кездесулер 11 қыркүйек күні өтеді.