«Достық» шағын ауданында заңсыз қоқыс полигоны табылды

«Достық» шағын ауданында заңсыз қоқыс полигоны табылды
Фото: Ақмарал Есімханова

Тұрмыстық қалдықтар үйіндісін жою жұмыстары басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұған дейін өңірдегі стихиялық қоқыс орындары «Ғарыш сапары» ғарыштық мониторингі арқылы анықталған. Бұл жолы жаңа қоқыс орны туралы экологтарға павлодарлықтардың өздері хабарлаған.

Мемлекеттік экологиялық инспектор Руслан Темірболатовтың айтуынша, ақпарат түскеннен кейін бұл қоқыс орны туралы мәлімет Павлодар қаласының әкімдігіне жолданған.

– Рұқсат етілмеген қоқыс орындары негізінен ғарыштық суреттер арқылы бақыланады. Сонымен қатар жергілікті жерде анықтау жұмыстары да жүргізіледі. Бұл жағдай – тұрғындардың өздері мәселе туралы хабарлаған мысалдардың бірі. Павлодарлықтардан мұндай сигналдар жылына шамамен төрт-бес рет түседі. Біздің міндетіміз – оларға әкімдікпен бірлесіп жедел әрекет ету, – дейді Руслан Темірболатов.

Жыл басынан бері өңірде ғарыштық мониторинг арқылы 97 стихиялық қоқыс орны анықталған. Олардың басым бөлігі қазірдің өзінде жойылды. Қазіргі уақытта Павлодарда бір қоқыс орны қалып отыр. Бұл ретте тұрғындар анықтаған жаңа орын аталған тізімге кірмейді, өйткені ол ғарыштық мониторинг аясында анықталмаған.

«Достық» шағынауданындағы жаңа учаскеде негізінен құрылыс қалдықтары жатыр.

– Әзірге олардың нақты қайдан пайда болғанын айту қиын. Бұл ғимараттарды бұзу немесе құрылыс жұмыстарынан қалған қалдықтар болуы мүмкін. Қазір кінәлілерді анықтау қажет. Рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жасағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабының 2-1-бөлігі заңсыз қоқыс орындарын жасағаны үшін жауапкершілікті көздейді. Мұндай құқық бұзушылық үшін 432 мың теңге көлемінде айыппұл салынады, – деді маман.

Экологтар аумақ тазартылғаннан кейін дәл осы жерде қайтадан қоқыс пайда болуы мүмкін екенін мойындап отыр. Сондықтан қоқыс орындары жойылғаннан кейін қосымша шаралар қабылданады. Атап айтқанда, облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығы жүйесіне интеграцияланған бейнебақылау камералары орнатылады.

Осындай мысалдардың бірі – Суворов зиратының маңындағы аумақ. Қоқыс орны жойылғаннан кейін оның айналасына камералар орнатылды. Енді тазартылған учаскеге қоқыстың қайта тасталуына жол берілмейді.