Екібастұз ауылдық аймағында көшелерді бүлдірген жылқылардың иесі жазаланды
Шідерті кентінің 43 жастағы тұрғыны жылқыларды жайылымға қараусыз жіберген, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұз өңірінде жол-көлік оқиғалары мен мал ұрлығының алдын алу мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін 1318 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Тұрғындар жылқылардың Абай көшесімен кезіп жүргені және екпелерді таптап, көшелерді ластағаны, көшеде жүру мүмкін емес екені жайлы хабарлады. Тағы бір жағдайда ауыл тұрғындары бірнеше күн бойы ауылда жүрген екі жылқы туралы қоңырау шалды. Тәртіп сақшылары бұл жылқыларды тиісті көлік құралымен жақын маңдағы жануарларға арналған арнайы тұраққа тасымалдады. Жылқылардың иесі анықталды, ол ауылдың 59 жастағы тұрғыны болып шықты, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Төлеген Құдайбергенов.
Екі жағдайда да ауыл тұрғындарына қатысты ҚР ӘҚБК-нің 408-бабы бойынша хаттама толтырылып, 3 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды.
Полиция ведомствосында мал иелерін тиісті бақылаудың болмауы мал ұрлығына әкеп соғуы мүмкін екені жайлы еске салады.