Екібастұзда қиылыстағы жолдардың қауіпсіздігін жасанды интеллект бақылайды

Екібастұзда қиылыстағы жолдардың қауіпсіздігін жасанды интеллект бақылайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Асайын Байханов жасанды жол кедергісінің баламасын ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Өнер» мәдениет үйінде облыс әкімі Асайын Байхановтың Екібастұз қаласының тұрғындарымен тұрақты кездесуі өтті. Жүздесу барысында екібастұздықтардың бірі 20 шағын ауданында №9 және №11 мектептердің қиылысында жолдар өте қауіпті екенін айтты.

– Балалар жолдан өтуден қорқады, көліктер тоқтамайды. Өткен жылы жасанды жол кедергісін жолдың тек бір жағына орнатты. «Жаяу жүргіншілер өткелі» деген белгі жоқ, – деді қала тұрғыны. 

Мәселеге назар аударуды талап еткен тұрғынның сауалына Асайын Байханов жауап берді. 

– Қаладағы жасанды жол кедергілері – бұл мәжбүрлі шара, біз оларды әлеуметтік нысандардың жанында қолданамыз. Бірақ мәселені жүйелі түрде шешкіміз келеді, сондықтан келесі жылы үш қалада қоғамдық қауіпсіздік жобасын жүзеге асырамыз және жасанды интеллектпен төрт мыңға жуық жылдамдық өлшегіш камерасын орнатамыз, – деді Асайын Байханов. 

Оның айтуынша, «ақылды» камералар қиылыстарды бақылайды. Олар қауіпсіздік белдігін тақпағандарды, қозғалыс жылдамдығын сақтамайтындарды, іздеуде жүргендерді немесе алимент төлемейтіндерді тексереді. Камералар әлеуметтік нысандарға – мектептерге, емханаларға, ауруханаларға жақын орналастырылады. 

– Бейнемониторинг жүйесі айыппұлдарды анықтайды, ал бізде айыппұл көлемі өте жоғары. Менің ойымша, осыдан кейін жүргізушілердің тәртібі түзеледі, – деді Асайын Байханов. 

Жоба келесі жылдың күз мезгіліне дейін жүзеге асырылмақ.