Екібастұзда полицейлер құны 55 миллион теңге тұратын вейптерді тәркіледі
Заңсыз айналыммен вейп сатқан жастар полицияға жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Екібастұз қаласындағы өнеркәсіптік база аумағында орналасқан үй-жайда 5503 бірлік вейп пен 1097 қосымша сұйықтық құятын құтыны тауып алып, тәркіледі.
– Заңсыз тауарлардың бұл партиясы сатуға арналған. Осы өнімнің айналымына ресми тыйым салу туралы біле отырып, жастар интернет-дүкен арқылы танымал мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі арналарды қолдана отырып, вейптерді сатты. Заңсыз электронды темекі сатты және таратты деген күдікпен полицияға екі күдікті жеткізілді,– деді Екібастұз қаласы полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Төлеген Құдайбергенов.
Темекіге жатпайтын темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Сондай-ақ, рейдтер барысында автокөлік тоқтатылды. Көлік құралын тексеру кезінде интернет-дүкен арқылы тапсырыстар бойынша жеткізуге арналған электрондық темекі (вейп) табылды.