Екібастұздық джиу-джитсу шеберлері Абу-Дабидегі әлем чемпионатында топ жарды
Әзірге жас спортшылардың қоржынында сегіз медаль бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласының SAM TEAM командасы Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде өтіп жатқан джиу-джитсудан әлем чемпионатында 3 алтын және 5 қола медаль жеңіп алды.
9-21 қараша аралығында өтіп жатқан Abu Dhabi World Jiu-Jitsu Championship 2026 жарысына әлемнің 130-дан астам елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысуда. Жарыстың негізгі кезеңдері Абу-Дабидегі Mubadala Arena спорт кешенінде ұйымдастырылған.

Ел намысын аталмыш халықаралық додада SAM TEAM командасының 25-тен астам спортшысы қорғап жатыр. Қазіргі уақытта команда қоржынында 3 алтын және 5 қола медаль бар.
Мәселен, әлем чемпионы болған үшеудің ең кісіші бес жасар – Исхак Қунаев. Ол үш белдесу өткізіп, алғашқы кездесуінде қарсыласын 19:0 есебімен жеңген. Қалған екі белдесуді, соның ішінде финалды, мерзімінен бұрын аяқтап, сабмишен арқылы жеңіске жеткен. Сонымен қатар, 8 жастағы құрдастар Хадия Қунаева мен Рамазан Муса да ел мерейін үстем етті. Мұнда Хадия әлем чемпионатында екінші рет жеңімпаз атанып, екі дүркін әлем чемпионы болса, Рамазан бұл додада үш белдесу өткізген.

Ал байрақты бәсекеде ел қоржынына қоладан жүлде салғандар – Сирин Қунаева, Жасмин Булкаирова, Ербол Қадырбек, Ренат Назарбаев, Талим Танатаров.
Айта кетейік, биылғы Abu Dhabi World Jiu-Jitsu Championship бірнеше жас және санат бойынша жарыстарды қамтиды. Ресми күнтізбеге сәйкес, 9–10 қарашада әуесқойлар, 11–13 қарашада жастар, 14–16 қарашада фестиваль, 17–18 қарашада Masters, ал 19–21 қарашада World Professional чемпионаты өтуде.
Екібастұздық спортшылардың жарыстағы өнері әлі де жалғасып жатыр.
Фото: бапкерден