Елде жалған дипломдар үшін қандай жаза қарастырылған

Елде жалған дипломдар үшін қандай жаза қарастырылған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті жалған дипломдарға қатысты қандай жаза бар екенін түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform

Мәдениет және ақпарат және Ішкі істер министрліктері бірлесіп білім туралы жалған дипломдарды дайындау және сату фактілерін анықтау, сондай-ақ осындай заңсыз әрекеттің жолын кесу бойынша тұрақты негізде жұмыстарды іске асырды. Аталған жұмыстардың нәтижесінде ІІМ-мен бірлесіп биыл интернет-ресурстарындағы бірнеше парақша мен аккаунттар бұғатталды.

- Жалған құжатты пайдаланғандарға 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, сондай-ақ 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Бұдан бөлек, осындай заңсыз әркетке барғандар 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынады, - деп аталып өткен комитет мәліметінде.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 385-бабына сәйкес, жалған құжаттарды жасау әрекетіне 2 000 айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сонымен қатар 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, қазіргі кезде 46 жалған диплом және оларды заңсыз дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталды.