Ерекше экспонаттар: Потанин музейінде сармат қылышы, сақ қазаны сақтаулы
Pavlodarnews.kz биылғы Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің 80 жылдығына орай музей қорындағы ерекше экспонаттар туралы ақпаратты ұсынады.
Музей қорының басшысы Әлия Жомартова мерейтойға байланысты келушілерге арнап ерекше экспонаттардың көрмесі дайындалғанын да атап өтті.
- Мұражай экспонаттарының 50% дерлік қорларда сақтаулы. Келушілер оларды көре алмайды. Бірақ кейде жалпы экспозициямен байланыстыру қиын болатын таңғажайып экспонаттар бар. Сонымен қатар, әртүрлі объективті себептермен көрмеге қоюға болмайтын өте құнды жәдігерлер де бар, - деді Әлия Жомартова.
Әлия Жомартованың айтуынша, көптеген экспонаттарға күн сәулесін түсіруге болмайды, белгілі бір температура режимін сақтау керек. Бұл сирек кездесетін заттар көрмеге аз уақытқа қойылады.
Қор басшысы мұражайдың мақтанышы – бай палеонтологиялық коллекция екенін айтты. Бұл коллекция бәлкім, елдегі ең көп және алуан түрлісі болуы мүмкін.
- Әлемге әйгілі «Қаз қонақ» палеонтология ескерткішінде және өңірімізден жиналған ежелгі жануарлардың бірегей сүйектері бар. Көрмеге кішкентай үңгір аюының бас сүйегі, антропогендік құндыздың бас сүйегі, үңгір гиенасының бас сүйегі, мұз дәуіріндегі оңстүтіктік пілдің төменгі жақ сүйегі қойылған. Бұл сирек кездесетін олжалар жақсы жағдайда сақталған, - деді Әлия Жомартова.
Сондай-ақ көрмеде мұражайдың археологиялық коллекциясынан б.з.д 4-5 ғасырларға жататын бірегей жәдігерлер – сармат қылышы мен қанжары ұсынылған.
- Бірегей экспонат – біздің дәуірімізге дейінгі 7-5 ғасырларға жататын сақ қазаны да қойылған. Оны бір инженер 1912 жылы Железин ауданы, Башмачное ауылынан тапқан. Сол кезде Семей мұражайына тапсырылған. 1955 жылы мұражайымыздың қызметкерлерінің бастамасымен, мәдениет министрлігінің көмегімен қазан Павлодарға әкелінді, - деді Әлия Жомартова.
Мұражай қызметкерінің айтуынша, экскурсия кезінде көп ақпарат айтылатындықтан адамның назары шашыраңқы болады. Жалпы фонға қарап, көптеген сирек экспонаттарды байқамай қалады. Оларды алдыңғы қатарға шығару мақсатында көрме дайындалған.
Еске салайық, музейдің негізгі қорында 127 мың экспонат сақталған. Бүгінде музей экспозициясы өлкеміздің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін 12 залда орналасқан.
Музей жинақтарының негізін археологиялық, палеонтологиялық, этнографиялық, нумизматикалық, фотосуреттік, құжаттық, жаратылыстану-ғылыми, өндірістік, қару-жарақтар топтамалары құрайды.
Оразбек Саяхат
Фото: автор және Константин Шелков